Accessibility links

Киев Славянскіге әскер жөнелтті


Украина қарулы күштері елдің оңтүстік-шығысындағы Славянск қаласында үкімет ғимараттарын басып алған ресейшіл сепаратистерге қарсы шабуыл бастады.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, бірнеше бронды техника Славянскінің тұс-тұсынан қалаға бет алып келеді. Сепаратистер барлық қарусыз адамдарды қала әкімшілігінен сыртқа шығуға бұйырған. Ресейшіл топ қатарынан бір адамның қаза тапқаны туралы дерек бар.

Бүгін өздерін "Халық жасақтары" деп атайтын ресейшіл сепаратистік топ Славянскіге Святогорск қаласы жағынан кіреберісіндегі өткізу бекетіне "белгісіз топ" шабуыл жасағанын хабарлаған.

Украина үкіметі бейсенбіге қараған түні Артемовск қаласының түбінде сепаратистердің әскери базаға жасаған шабуылын тойтарғанын, милицияның Мариуполь қалалық мэриясын босатқанын хабарлаған.

Ішкі істер министрі Арсен Аваков Мариуполь мэрі жұмысына қайта оралғанын айтқан.

Жергілікті ақпарат құралдары Мариупольде мэрияны басып алған бес адамның полициямен қақтығыста жараланғанын хабарлады.
XS
SM
MD
LG