Accessibility links

Лавров Қазақстанға қатысты Ресей позициясын білдірді


Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров ресейлік кейбір саясаткерледің Қазақстанның территориялық тұтастығына қатысты айтқан пікірлері үшін "ұялатынын" айтты деп хабарлайды бүгін "Интерфакс" агенттігі.

Мәскеуде ТМД елдерінің жас дипломаттары форумында Қазақстан өкілінің сұрағына жауап берген Лавров "Біздің заңдарымыз бойынша, Ресейдің ұстанымын тек президент, премьер-министр және сыртқы істер министрі ғана білдіре алады. Басқа саясаткерлер айтқан пікірлерді, тіпті соған жақын сөздерді Ресейдің сыртқы саясатын жүргізетін және оған жауап беретін адамдардан ести алмайсыз" деген.

Лавров Ресейдің Қырымдағы саясаты мен Қазақстанға қатысты қандай да бір параллель жүргізу "орынсыз екенін" де айтты.

"Қырымдықтар торығып, үміт үзерлік жағдайға дейін жетті және олар Ресейге қосылудан басқа жолды көрген жоқ. Бұл жерден қандай да бір ұқсастық іздеу орынсыз. Біз Қазақстан басшылығының өз халқының жайын ойлап, қаншалықты парасатты, жауапты саясат жүргізіп отырғанын білеміз" деген Сергей Лавров.

Сәуір айының басында ресейлік ақпарат құралдары Хакасия республикасы жоғары кеңесінің төрағасы Владимир Штыгашевтің Қазақстанның кейбір облыстары бұрын Ресейдің құрамдас бөлігі болғаны, Ресей Қазақстанға «бес облысын бере салғаны» және теориялық тұрғыдан олар референдум арқылы Ресей құрамына қайтарылуы мүмкін екені жайлы айтқан сөзін хабарлаған еді.

Ресей мемлекеттік думасы төрағасының орынбасары, ЛДПР партиясының жетекшісі Владимир Жириновский ақпанның 23-і күні Мәскеуде сөйлеген сөзінде Украинадағы жағдайды айыптап, Орталық Азия елдерінің тәуелсіздігіне күмән келтірген. Ол "Ресей Украинаны ғана емес, осы мемлекеттердің барлығын уысынан шығармауы керек еді" дей келе, "Ресей шекарасын оңтүстікке қарай кеңейту" жайын да айтқан.

Мұның алдында ресейлік оппозиционер Эдуард Лимонов "Қазақстанның солтүстік облыстарын Ресейге қосу" туралы айтқан еді.
XS
SM
MD
LG