Accessibility links

СІМ "Славянскідегі қазақстандықтар" туралы айтты


Славянскіде жүрген қарулы беймәлім адам. Украина, 23 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Славянскіде жүрген қарулы беймәлім адам. Украина, 23 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан сыртқы істер министрлігі (СІМ) "Украинаның Славянск қаласындағы қарулы жасақтар арасында Қазақстаннан барған еріктілер бар деген ақпарат - негізсіз" деп мәлімдеді.

Бұған дейін америкалық Time журналы 24 сәуірдегі санында жариялаған бұл ақпаратты Украинаның шығысындағы Славянскідегі өзін «қала мэрі» деп жариялаған Вячеслав Пономарев айтқанын жазған. Понамаревтің сөзінше, оған бағынышты, Украина билігі «ресейшіл сепаратистер» деп атайтын қарулы жасақтар негізінен Ресей, Қазақстан, Беларусьтен және бұрынғы СССР құрамында болған өзге елдерден барған еріктілерден құралады.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов осы ақпаратқа қатысты Азаттыққа жолдаған түсініктемесінде: "Таратылған ақпаратта еріктілердің азаматтығын куәландыратын құжаттардың немесе адамдардың нақты есімдерінің жоқ екенін атап өтеміз. Осыған орай бұл ақпаратты тексеру мүмкін болмай отыр. Бұл ақпаратты негізсіз деп санаймыз. Бірақ құзыретті органдармен бірлесіп, аталған ақпаратты тексеруге тырысып жатырмыз" деп жазған.
XS
SM
MD
LG