Accessibility links

АҚШ пен Ресей арасы шиеленісе түсті


АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри (сол жақта) мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри (сол жақта) мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров.

Украинаның шығысында ресейлік сепаратистер халықаралық бақылаушыларды кепілге алған соң Вашингтон мен Мәскеу арасындағы жағдай одан сайын шиеленісе түсті.

26 сәуір күні жағдайды телефон арқылы талқылаған АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров келісімге келе алмаған.

Керри Мәскеуді кепілге алынған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) әскери бақылаушыларын босатқызуға болысуға шақырған. Лавров болса Вашингтонның Киевте ұсталған ресейшіл сепаратистер басшыларын босатуға ықпал етуін сұраған. Лавров бұл сөзін Славянскіде ресейшіл сепаратистер жетекшісі Вячеслав Пономаревтің кепілге алынған халықаралық бақылаушыларды Киевте ұсталған өз жақтастарына айырбастауға әзір екендігі туралы мәлімдемесінен соң айтқан. Пономарев ЕҚЫҰ-ның 13 бақылаушысы «шпион» деген айыппен ұсталғанын, «олардың жағдайы дұрыс» екенін айтқан.

Бірақ Украина қауіпсіздік қызметі бақылаушылар миссиясы мүшелері «адам төзгісіз жағдайда» отырғанын, олардың біреуіне шұғыл медициналық көмек керектігін айтады.

ЕҚЫҰ бақылаушылар тобын босату туралы келіссөздер жүргізу үшін өз өкілдерін жіберген.

26 сәуір күні ЕҚЫҰ-дағы Ресей өкілі Андрей Келин бақылаушыларды босату үшін Мәскеу «қолдан келер барлық шараларды» жүзеге асыратынын хабарлаған.

Үлкен жетілік (G7) елдері егер Мәскеу Украинадағы жағдайды қалпына түсіруге бағытталған өткен аптадағы Женева келісімі аясындағы нақты шараларды атқармаса, онда Ресейге қарсы қосымша санкциялар енгізуге келісті. Бұған дейін бірақатар батыс баспасөз құралдары Брюссель мен Вашингтондағы белгісіз ақпарат көздеріне сілтеп, АҚШ пен Еуропа одағы дүйсенбі, 28 сәуірден бастап кейбір ресейлік азаматтарға қарсы жаңа санкциялар енгізілетінін жариялайды деп хабарлаған еді.

Ақ үй 26 сәуір күні жаңа санкциялар енгізуге дайын екенін, бірақ оларды енгізу мерзімі және басқа бүге-шігесі айтылған жоқ

Еуропа одағының дипломаттары сәуірдің 28-і күні Брюссельде кездесіп, санкциялардың «екінші кезеңінде» ресейлік шенеуніктерге Еуропа одағына кіруіне тыйым мен активтеріне бұғау салудың жай-жапсарын нақтылау үшін жиналады.
XS
SM
MD
LG