Accessibility links

Пономарев: ЕҚЫҰ бақылаушылары - «әскери тұтқындар»


Өзін өзі Украинаның шығысындағы Славянск қаласының мэрі деп жариялаған Вячеслав Пономарев.
Өзін өзі Украинаның шығысындағы Славянск қаласының мэрі деп жариялаған Вячеслав Пономарев.
Өзін өзі Украинаның шығысындағы Славянск қаласының мэрі деп жариялаған Вячеслав Пономарев, өз жақтастары ұстап алған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) бақылаушыларын «әскери тұтқындар» деп санайтынын мәлімдеді. Бүгін журналистерге сұхбатында ол «жергілікті биліктің рұқсатынсыз соғыс жүріп жатқан қалада жүрген кез келген әскери адамдар «әскери тұтқындар» деп саналатындығын» айтқан.

Германияның төрт азаматы, Швецияның, Польшаның, Дания мен Чехияның бір-бір өкілінен тұратын ЕҚЫҰ ұйымының бақылаушылары 25 сәуірде кепілге алынған. Пономарев ЕҚЫҰ бақылаушыларын Киевте ұсталған ресейшіл белсенділерге айырбастағысы келетіні туралы бұған дейін бірнеше рет мәлімдеген еді.

ЕҚЫҰ бақылаушылары аймақтағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында сәуірдің басында Женевада жасалған келісімнің орындалуын бақылау үшін Украинаның шығыс аймағына барған еді.

Сұхбат барысында Пономарев ЕҚЫҰ бақылаушыларын «кепілге алынғандар емес, қонақ ретінде» ұстап отырғандарын мәлімдеген еді. Бұған дейін ресейшіл күштер өздері ұстап алған бақылаушыларды «НАТО шпиондары» деп атаған еді.

26 сәуір күні ЕҚЫҰ-дағы Ресей өкілі Андрей Келин бақылаушыларды босату үшін Мәскеу «қолдан келер барлық шараларды» жүзеге асыратынын хабарлаған. Халықаралық бақылаушылар тобын босату туралы келіссөздер жүргізу үшін ЕҚЫҰ жіберген өкілдермен Пономарев бүгін Славянскіде кездесуі тиіс.

Сонымен бірге Пономарев өз адамдары жексенбіге қараған түні Украина қауіпсіздік қызметінің үш офицерін ұстағаны туралы хабарлады. Олар да «әскери тұтқын» болып саналады деп мәлімдеді Пономарев.

«Ресей 24» мемлекеттік телеарнасынан көрсетілген видеода орындыққа танып байланған үш ер адамның көздері байлаулы қалпы отырғаны бейнеленген. Олардың денесінде соққы ізіне ұқсас белгілер бары байқалады. Телеарна хабарында Украина қауіпсіздік қызметі берген куәлік құжаттары көрсетілді.

Украина қауіпсіздік қызметі үш офицерінің қолға түскенін растады. Оның ақпараты бойынша, үш офицер Донецк облысына «Батькивщина» партиясының мүшесі, саясаткер Владимир Рыбактың қазасына байланысты тергеу жүргізуге барған. Сәуір айында әлдекімдер ұрлап әкеткен Рыбактың жансыз денесі осы аптада Славянск маңынан табылған еді. Марқұмның денесінде азаптау іздері бары хабарланған.

Малайзияда сапарда жүрген АҚШ президенті Барак Обама Ресей Украина дағдарысына байланысты Женевада жасалған келісімді орындауға «саусағын да қимылдатпай отыр» деп сынады. Ол АҚШ және Еуропа Одағы Ресей билігіне қарсы жаңадан халықаралық санкциялар енгізу бойынша іс-әрекеттерін үйлестіретінін айтты.

АҚШ пен ЕО Украинаның шығысындағы ресейшіл күштерге Кремль қолдау танытып, Украинамен шекарада көп әскер шоғырландырып отыр деп кінәлайды.

Мәскеу Украинаның шығысындағы оқиғаларға қатысы жоғын айтып, шекара бойындағы көп әскерді «кең көлемді жаттығулар өткізуімен» түсіндіреді.
XS
SM
MD
LG