Accessibility links

ЕО мен АҚШ Ресейге жаңа санкциялар салды


Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі комиссары Кэтрин Эштон. Белград, 28 сәуір 2014 жыл.

Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі комиссары Кэтрин Эштон. Белград, 28 сәуір 2014 жыл.

29 сәуірде Еуропа Одағы (ЕО) виза беруге тыйым салынып, активтері бұғауланатын Ресейдің 15 азаматының тізімін жариялады. Ресейдің Украинадағы әрекеттеріне қатысты санкцияларға ілінгендердің арасында Ресей вице-премьері Дмитрий Козак, мемлекеттік дума спикерінің орынбасары Людмила Швецова, Ресей қарулы күштері бас штабының бастығы генерал Валерий Герасимов, Ресей әскери барлау қызметінің (ГРУ) басшысы Игорь Сергун бар.

Тізімде Ресейге қосылған Қырымның, Украинадағы Луганск және Донецк қалаларындағы ресейшіл сепаратистердің басшылары да бар.

Санкция салынған ресейліктер туралы тізімге қосымша таратылған мәлімдемеде ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі комиссары Кэтрин Эштон "Украинаның шығысында қауіпсіздіктің нашарлағанына алаңдаушылық білдірген".

Эштон тізімде аты аталғандар "Украинаның еркіндігі мен егемендігіне, территориялық тұтастығына қатер төндіргендіктен" санкцияға ілінгенін айтады.

29 сәуірде АҚШ-тың қаржы министрлігі де жаңа санкцияларына іліккен ресейлік шенеуніктердің тізімін жариялады.

Тізімде Ресей үкіметі төрағасының орынбасары Игорь Сечин, Ресей президенті әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Вячеслав Володин, вице-премьер Дмитрий Козак, "Ростех" мемлекеттік корпорациясының басшысы Сергей Чемезов, мемлекеттік думаның халықаралық қатынастар комитетінің жетекшісі Алексей Пушков, Ресей президентінің Қырым федералдық округіндегі өкілі Олег Белавенцев, федералдық күзет қызметінің директоры Евгений Муров бар.

Бұған қоса ресейлік 17 компанияға да жаңа санкциялар салынған. Олардың арасында "Собинбанк", "Стройтрансгаз", "Стройгазмонтаж", Volga Group компаниялары бар. "Интерфакс" агенттігінің хабарлауынша, тізімдегі компаниялар мен банктердің барлығы Геннадий Тимченкоға, не Аркадий мен Борис Ротенбергтерге, "Россия" банкіне бағынышты.

Санкция салынған жеке және заңды тұлғалардың АҚШ-тағы кез келген активтері бұғауланады. Шенеуніктердің АҚШ-қа кіруіне тыйым салынады. Ал америкалық компанияларға тізімдегі азаматтар мен компаниялармен істес болуға тыйым салынады.

Мәскеудің Украинадағы дағдарысты реттеу туралы Женева келісімін орындамауына байланысты жаңа санкциялар салынатынын АҚШ президенті Барак Обама 28 сәуір күні Филиппинге сапары барысында мәлімдеген.

Обама бұған қоса Кремль Украинадағы агрессиялық саясатын өзгертпесе, онда Ресейдің банк секторы мен қорғаныс саласына қарсы шаралар қабылданатынын ескерткен.
XS
SM
MD
LG