Accessibility links

Минскіде Еуразия экономикалық кеңесі жиыны өтті


Солдан оңға: Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь президенті Александр Лукашенко және Ресей президенті Владимир Путин Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің жиынында. Минск, 29 сәуір 2014 жыл.

Солдан оңға: Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь президенті Александр Лукашенко және Ресей президенті Владимир Путин Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің жиынында. Минск, 29 сәуір 2014 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 29 сәуірде Минскіде Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің жиынына қатысты деп хабарлайды президенттің ресми сайты. Жиынға Ресей президенті Владимир Путин мен Беларусь президенті Александр Лукашенко да қатысты.

Кездесуде үш ел басшылары Кеден Одағы мен Еуразия экономикалық кеңістігіне қатысты мәселелерді талқылап, Еуразия экономикалық одағы туралы келісім жобасына дайындықтың соңғы жұмыстарын пысықтаған.

Ресми ақпарат бойынша, Назарбаев кездесуде Еуразия экономикалық одағы туралы келісім жобасын дайындауда тағы бір пысықтауды қажет ететін жайттар барын, "одақ құратын елдердің мүдделері мен барлық құқықтық нормалардың сақталуы керегін" айтқан.

Ол Еуразия одағын құруға қатысты барлық маңызды сұрақтар мен келіспеушіліктер "шешімін табатынына сенім білдірген".

Биыл мамыр айында Қазақстан, Беларусь және Ресей президенттері үш ел интеграциясының Кеден Одағынан кейінгі кезеңі - Еуразия экономикалық одағын құру туралы келісім-шартты соңғы рет пысықтап, қол қоюды жоспарлап отыр.

Келісім-шарттың 800 беттік жобасы интернетте жарияланды. Ресей экономикалық даму министрлігінің сайтында жарияланған нұсқасында Кеден Одағына мүше елдердің ескертпелері бар. Қазақстан да кейбір мәселелер бойынша келіспейтінін білдіріп, ескертулер жасаған.

Ал Украинадағы дағдарыс күшейе түскен соң қазақстандық кейбір саясаткерлер "Еуразиялық интеграцияны тежей тұру" туралы айта бастаған еді. Қазақстанда бірқатар қоғамдық ұйымдар мен белсенділер елдің мұндай одаққа қосылуына қарсылық білдіріп келеді.
XS
SM
MD
LG