Accessibility links

Ресей саясаткерлері Украина жайлы қарама-қайшы пікірде


Мәскеу Кремлі, Ресей. (Көрнекі сурет)
Мәскеу Кремлі, Ресей. (Көрнекі сурет)
Ресей парламентінің мүшесі, «Справедливая Россия» партиясының төрағасы Сергей Миронов Украинаға Ресей әскерін кіргізуге шақырды. Бұл туралы ол Twitter әлеуметтік желісіндегі парағында жазды.

Ресей коммунистік партиясы басшысы Геннадий Зюганов Мироновтың бұл ұсынысын құптамады, ол дағдарысты келіссөздер және дипломатиялық жолмен шешуді ұсынады.

Ресейдің «Яблоко» біріккен демократиялық партиясы жетекшісі Сергей Митрохин Украинадағы дағдарыстың әр тарабында «тұтана бастаған азаматтық соғыс отының ары қарай өршуіне жол бермес үшін шешуші қадам жасауына әлі мүмкіндік бар» деп мәлімдеді. Ол күш қолдануды доғару туралы тікелей келіссөздерді дереу бастауға шақырды. Митрохиннің пікірінше, келіссөздердің күн тәртібіне атысты тоқтату, сепаратистер қолындағы қаруды тапсыру, үкімет кеңселерін өз еріктерімен босатқандарға рақымшылық жариялау, сондай-ақ Украина әскерінің арнайы операцияны тоқтатуы туралы баптар енуі тиіс.

Бұған қоса «Яблоко» партиясы жетекшісі Ресей басшылығын «ақпараттық соғысты тоқтатып, Украина жерінде қарулы қақтығыстар мен азаматтық жанжалды өршітуге бағытталған іс-әрекеттерді доғаруға» шақырған.

Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Украинаның оңтүстік-шығысындағы тұрғындарға енді Ресейдің ықпал жасай алмайтынын, «өміріне тікелей қауіп төніп тұрған кезде оларды қолындағы қаруды тапсыруға көндіру мүмкін емес» деп айтқан еді.

Украинаның шығысында дағдарыстың ушығуына байланысты Ресей тарапынан қандай әрекет болатыны туралы журналистердің сұрағына Песков «оған жауап жоғын» айтып, қалыптасқан ахуал Кремль үшін «мүлде тың элемент» деп мәлімдеген.

Оның сөзінше, Ресей президенті әкімшілігіне соңғы тәулікте «Украинаның оңтүстік-шығыс аймақтарынан көмек сұрап мыңдаған телефон қоңыраулары шалынған».

Соңғы күндері Украинадағы жағдай шиеленісіп кетті. Жұма күні елдің күш құрылымдары антитеррористік операциялар ауқымын кеңейтіп, ресейшіл сепаратистер бақылауындағы Славянск қаласына шабуыл бастады. Сол күні кешке Одессада Украинаның біртұтастығын қолдаушылар мен ресейшіл белсенділер арасындағы қақтығыстар салдарынан қырықтан аса адам қаза тауып, жүздеген адам жарақат алды.

Бүгін таңертең украиналық күштер Краматорск қаласына шабуыл бастағаны туралы хабарланды. Кейбір мәліметтерге қарағанда, ол қалада қаза тапқандар да бар.
XS
SM
MD
LG