Accessibility links

Славянскіде ЕҚЫҰ бақылаушылары босатылды


Славянск қаласы маңындағы блок-постылардың бірінде тұрған Украина күштері. 2 мамыр 2014 жыл. Украина қорғаныс министрлігі сайтындағы сурет.

Славянск қаласы маңындағы блок-постылардың бірінде тұрған Украина күштері. 2 мамыр 2014 жыл. Украина қорғаныс министрлігі сайтындағы сурет.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) жеті бақылаушысы мен оларға еріп жүрген Украина азаматтары бүгін тұтқыннан босатылды. Бұл туралы Ресей президентінің өкілі Владимир Лукин хабарлады.

«Менің тізімімдегі 12 адамның бәрі босатылды» деген Лукин.

25 сәуір күні Украинаның шығысындағы Славянск қаласы маңындағы блок-постылардың бірінде ЕҚЫҰ-ның әскери бақылаушылар миссиясы мүшелерін жергілікті «халық жасағының» тобы «тыңшылар» деген күдікпен ұстаған еді. Келіссөздер нәтижесінде кейін олардың бірін денсаулығына байланысты босатқан. Батыс елдері бұл мәселеге араласып, халықаралық бақылаушыларды босатуға күш салуды Ресейден сұраған. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Мәскеу ЕҚЫҰ бақылаушыларын босатуға шақырғанымен, жергілікті «халық жасағына» әмірі жүрмейтінін айтқан еді.

Сенбі күні Украина ішкі істер министрлігі Краматорскідегі әуежай мен телемұнара орталығын украиналық күштер бақылауына алғаны туралы хабарлады. Министрлік сайтындағы ақпаратта қазіргі кезде қала маңындағы барлық бақылау-өткізу бекеттері Украина күштерінің қолына өткені айтылған.

Бұған дейін ішкі істер министрі міндетін атқарушы Арсен Аваков Украинаның шығысында ресейшіл сепаратистерге қарсы арнайы операция сенбінің таңында қайта жалғасқаны туралы мәлімдеген еді.
XS
SM
MD
LG