Accessibility links

Генерал Бағдат Майкеевтің ісі


Қазақстан қорғаныс министрінің орынбасары генерал Бағдат Майкеев.
Қазақстан қорғаныс министрінің орынбасары генерал Бағдат Майкеев.

Жуырда Алматы қаласында қорғаныс министрінің орынбасары Бағдат Майкеев ісіне қатысты алдын ала сот тыңдауы өтеді. Өзін жемқорлықпен бітіспес күрескер ретінде санайтын генералға «пара алды» деген айып тағылған.

Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сот канцеляриясы Азаттық тілшісіне «генерал Бағдат Майкеевтің ісіне қатысты сот процесіне судья Асқар Қайыров төрағалық етуі тиіс» деп хабарлады. Сот процесі басталатын күн генералды Алматы түрмесіне әкелген күнге байланысты белгіленеді.

Алматы қаласындағы ішкі істер министрлігі құзырындағы екі уақытша қамау абақтысы қызметкерлері «генерал Бағдат Майкеевті бізге әлі әкелген жоқ» деп хабарлады. Алматыдағы ҰҚК-нің уақытша қамау орнына хабарласу мүмкін болмады. ҰҚК Алматы қалалық департаментінің кезекшісі Майкеевті Алматыға этаппен әкелу туралы ақпараттан хабары жоқ екенін айтты.

Бағдат Майкеев ақпанның 10-ы күні ұсталғаннан бері Астанадағы ҰҚК тергеу абақтысында отырған. Ол «Пара алу», «Пара беру» және «Қару-жарақ, оқ-дәрі, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, сату, сақтау, тасымалдау немесе ұстау» баптары бойынша айыпталады.

АЙЫПТАУ

Арнайы қызмет жасағы тұтқындаған Бағдат Майкеев Ақмола гарнизоны әскери соты шешімі бойынша қамауда отыр. Прокурордың пікірінше, генерал Майкеев - қорғаныс министрі орынбасары, сондықтан қызмет бабын пайдаланып тергеу ісіне кедергі келтіруі немесе тергеу, сот органдарынан жасырынуы мүмкін.

Генерал Майкеев 252 миллион теңге (1 миллион 400 мыңға жуық доллар) және 147 мың доллар көлемінде пара алды деп күдікке ілінген.

Тұтқындалған кезде Майкеев «ешқандай кінәм жоқ» мәлімдеген.
Қазақстан қорғаныс министрлігінің Астанадағы ғимараты.
Қазақстан қорғаныс министрлігінің Астанадағы ғимараты.
61 жастағы генерал Майкеев талай рет коррупцияға жемқорлыққа қарсы мәлімдемелер жасаған. Соңғы рет, былтыр қазанда командирлерді әскери қызметшілердің бойында жемқорлыққа қарсы көзқарас қалыптастырып, құқықтық мәдениетке баулуға шақырған.

Карьерасын полициядан бастаған Майкеев кейін армияның жоғарғы басшылығына ауысқан. Әдетте мұндай жайт сирек кездеседі. 2007 жылы Алматы облыстық ішкі істер департаменті бастығы қызметін атқарып жүріп коррупциялық жанжалға іліккен.

Ол кезде тағылған айып расталмай, Майкеевтің қызметі өсіп, көп ұзамай оны армия басшылығына ауыстырды. Ол әуелі қорғаныс министрлігінің материалдық-техникалық қамту бас басқарамасының бастығы, кейін қорғаныс министрі орынбасары болып тағайындалды.

ТҰТҚЫНДАЛҒАН АЛҒАШҚЫ ГЕНЕРАЛ ЕМЕС

Генерал Бағдат Майкеев – соңғы жылдары коррупциялық қылмыс жасады деп айыпталған Қазақстан қорғаныс министрлігінің төртінші генералы.

Былтыр желтоқсанда әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының бұрынғы орынбасары, генерал-майор Асқар Бөлдешев «140 миллионнан көп теңгені (ол кездегі курс бойынша 1 миллионға жуық доллар) жымқырған» деген айыппен сегіз жарым жылға сотталған.
Қазақстан қарулы күштер сарбаздары. Ақтау, 13 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстан қарулы күштер сарбаздары. Ақтау, 13 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
2013 жылдың шілдесінде қорғаныс министрлігінің қару-жарақ бас басқармасының бұрынғы бастығы, генерал-майор Алмас Әсенов «200 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды» деген айыппен 11 жылға сотталды.

Бес жыл бұрын, 2009 жылдың сәуірінде қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Қажымұрат Маерманов тұтқындалды. Ол «коррупциялық қылмыс жасады, билігін асыра пайдаланды және пара алды» деген айыппен 2010 жылдың ақпанында 11 жылға сотталды.

Сот Қазақстан президентіне сотталған генералдардың бәрін жоғары әскери шендері мен мемлекеттік наградаларынан айыру туралы өтініш жасау туралы шешім шығарған.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG