Accessibility links

Аваков ресейшіл белсенділердің босатылуын айыптады


Ресейшіл белсенділер 2 мамырда ұсталғандарды босатуды талап етіп тұр. Одесса, 4 мамыр 2014 жыл.
Ресейшіл белсенділер 2 мамырда ұсталғандарды босатуды талап етіп тұр. Одесса, 4 мамыр 2014 жыл.
Одесса облыстық прокуратурасы 2 мамыр күнгі қантөгіске қатысты ұсталған белсенділерді босату туралы шешім қабылдамағанын мәлімдеді.

4 мамырда Одессада жүздеген ресейшіл белсенділер қалалық ішкі істер басқармасын қоршауға алып, 2 мамырда ұсталғандарды босатуды талап еткен еді. Бұдан соң милиция ұсталғандардың 67-ін босатып жіберген.

Одесса облыстық прокуратурасы бұған дейін Украина ішкі істер министрлігі облыстық басқармасының "ресейшіл 67 белсенді прокуратураның нұсқауымен босатылды" деген мәлімдемесін "шындыққа сай емес" деп атады.

Прокуратураның дерегінше, ұсталғандарды босату туралы шешім облыстық ішкі істер органдары прокуратурамен келіспей және милиция қызметкерлері өз кәсіби міндеттерін орындамай қойған соң қабылданған.

Бұған дейін ішкі істер министрі Арсен Аваков ресейшіл белсенділерді "арандатушылар" деп атап, олардың босатылуын құптамаған еді. Оның айтуынша, ұсталғандар 4 мамыр күні түнде Киевке жеткізілуі тиіс болған. Бірақ бас прокурордың орынбасары оларды Одессадан этаппен әкетуге тыйым салған. Ресейшілдер қарсылығынан соң прокурор ұсталғандарды босатуға шешім қабылдаған.

"Прокуратураның озбыр әрекеті тыңғылықты тексеруді талап етеді" деген Аваков.

Оның сөзіне қарағанда, Одессада ішкі істер басқармасының басшылығы толық құрамда қызметтен шеттетіліп, іс қозғалған. Ол Одесса ішкі істер басқармасының жаңа басшысы етіп Иван Катеринчукті тағайындады.
XS
SM
MD
LG