Accessibility links

"Жалған ақпарат тарату" жайлы заң өзгерісі күшіне енді


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Бүгін, яғни 6 мамырдан бастап Қазақстанда "көпе-көрінеу жалған ақпарат таратқан" адамды 10 жылға дейін бас бостандығынан айыратын заң өзгерісі күшіне енді.

Қазақстан қылмыстық кодексіне енгізілген жаңа өзгерістер бойынша «шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратып қоғамдық тәртіпті бұзу қаупін туғызған я болмаса азаматтардың құқықтарына және ұйымдардың немесе қоғамның я мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне айтарлықтай нұқсан келтіргенгендерге» ірі көлемде айыппұл салу немесе он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын беру белгіленген.

Құқыққорғаушылар жаңа заң өзгерістер Қазақстанда адам құқықтары мен сөз бостандығын шектейтінін айтып, бұған дейін парламентке заң жобасын кері қайтарып алуға шақырған еді. Бірақ өткен айда парламент заң жобасын мақұлдап, президент қол қойды.

Қылмыстық кодекс жобасында «заңсыз араласу» сияқты түсініксіз ұғымдарды пайдалану да ҮЕҰ белсенділерінің көңілін күпті етеді. Ал қоғамдық бірлестіктерді заңды тұлғалардың «айрықша қауіпті» түрі ретінде бөліп-жарып көрсету «мемлекет атына айтылған» кез келген сынды басып-жаншуға көмектеседі дейді құқыққорғаушылар.

Қазақстанда «жалған ақпарат таратуға» қарсы жауапкершілікті күшейтуге биыл ақпан айында елдегі бірқатар банктерге қатысты тараған қауесет түрткі болған. Әлеуметтік желіде «Қазақстандағы үш банк банкротке ұшырау алдында тұр» деген сыбыс тарасымен салымшылар банктерден ақшаларын алуға асықты. Ол банктерге ешқандай қауіп төніп тұрмағаны туралы биліктің мәлімдемелеріне қарамастан бірнеше күннің ішінде салымшылар ондаған миллиард теңгені жедел қайтарып алған еді.
XS
SM
MD
LG