Accessibility links

Украина парламенті жабық жиын өткізеді


Славянск қаласы маңында өткізу бекетінде тұрған украин әскерилері. 5 мамыр 2014 жыл.
Славянск қаласы маңында өткізу бекетінде тұрған украин әскерилері. 5 мамыр 2014 жыл.
Украина парламенті - Жоғарғы Рада 6 мамырда жабық отырыс өткізеді. Депутаттар қауіпсіздік құрылымдары жетекшілерінің Украинаның шығысындағы жағдай туралы есебін тыңдап, ахуалды тұрақтандыру шараларын талқылайды.

Жоғарғы рада спикері, президент міндетін атқарушы Александр Турчинов депутаттардың барлығын отырысқа қатысуға шақырды. Оның айтуынша, жиында Украинаның қауіпсіздігіне қатысты маңызды шешім қабылданады.

Елдің шығысындағы Донецк облысында антитеррорлық операция әлі жалғасып жатыр.

5 мамырда Славянскінің маңында украин әскері мен ресейшіл қарулы топтар арасында қақтығыс қайта жанданған. Украина ішкі істер министрлігінің дерегінше, олардың төрт адамы қаза тауып, жиырмаға тарта адамы жараланған. Ал ресейшіл белсенділер атыста 20 адамның мерт болғанын айтады. Украина ішкі істер министрі Арсен Аваковтың Facebook-тегі парақшасына жазуынша, сепаратистердің адам шығыны 30-дан асып, ондаған адам жараланған. "Олардың арасында қырымдықтар, орыстар мен шешендер де кездеседі" деп жазды Аваков.

Әскери авиация бүлікшілер беренді пойыз етіп қайта жарақтағысы келген жүк пойызын жойып жіберген. Әскерилер бұған қоса Славянск маңайында тікұшақтың ірі калибрлі пулеметтен атып түсірілгенін, пилоттың аман екенін хабарлады.
XS
SM
MD
LG