Accessibility links

Украина әскері Славянскіге шабуыл бастады


Славянскідегі ресейшіл сепаратистер. 6 мамыр 2014 жыл.
Славянскідегі ресейшіл сепаратистер. 6 мамыр 2014 жыл.
УНИАН агенттігінің хабарлауынша, Украина әскері 7 мамырға ауған түні Славянск қаласына шабуыл бастады.

«Муниципальная» газетінің ақпаратына қарағанда, қала шетінде екі үлкен жарылыс болған, атыс дыбыстары естіледі. Корреспондент.net ақпарат құралы жергілікті халыққа сілтеме жасап, ұрыс қимылдары қаланың барлық аудандарында жүріп жатқанын хабарлады.

Ресейшіл белсенділер шабуылға "Оңшыл сектор" өкілдері қатысып жатқанын айтады.

УНИАН-ның ақпаратына қарағанда, Славянскіде көлік қозғалысы тоқтаған, адамдар көшеге шықпайды, кейбір тұрғындар жұмыс орындарына қонып қалған.

5 мамыр, дүйсенбі күні Славянск маңында Украина әскерилері мен ресейшіл қарулы адамдар арасында ұрыс басталды. Украина ішкі істер министрлігі мәліметтері бойынша, әскер тарапынан төрт сарбаз қаза тапқан, жиырма шақты жауынгер жараланған. Сепаратистер жағынан 30 адам опат болған. Ондаған адам жараланған.

Өткен түні Мариуполь қаласы маңында (Донецк облысының оңтүстігі) Украина әскері сепаратистер орнатқан қорғаныс бекеттеріне шабуыл жасап, бір адам қаза тапты, үш адам жараланды. Бұл туралы "РИА Новости" агенттігіне ресейшіл белсенділер хабарлаған.

Мариуполь қаласындағы негізгі көше жабылған. Ресейшілдер басып алған қалалық кеңес ғимараты алдында көліктің резина дөңгелектері өртеніп жатыр. «Интерфакс-Украина» түнде аэропортта атыс болғанын хабарлады.
XS
SM
MD
LG