Accessibility links

Царнаевтың қорғаушылары өлім жазасына қарсы


Джохар Царнаев.

Джохар Царнаев.

2013 жылы Бостон марафоны кезінде жарылыс жасады деп айыпталған Джохар Царнаевтың адвокаттары судьядан өлім жазасын АҚШ конституциясына қарсы деп жариялауды сұрап отыр. Прокурорлар Царнаевқа өлім жазасын сұраған еді.

Қорғаушылар уәж ретінде соңғы жылдары кінәсіз адамдардың өлім жазасына жиі кесіліп жатқанын айтады. Адвокаттар мұнымен қатар, жақында Огайо және Оклахомада болған оқиғаларды да еске салды. Онда өлім жазасын орындау кезінде техникалық проблемалар туып, жазаға кесілген адамдар қиналған еді.

Қорғаушылардың айтуынша, Царнаевтың үстінен сот өтетін Массачусетс штатында өлім жазасына тыйым салынған. Алайда айыптаушылар бұл іс штат құзырында емес, федералдық биліктің қарауында екенін айтып, айыпталушыға өлім жазасын сұрады.

Царнаевтың адвокаттары 7 мамыр күні прокуратураның бірнеше шешіміне қарсы арыз түсірді. Қорғаушылар судьядан айыптау актісіндегі "Царнаев жарылыс жасайтын орын ретінде көп адам жиналатын жерді қасақана таңдап алды" деген пункті алып тастауды сұрады. Өйткені бұл пункт айыптау актісінің басқа да тармақтарында айтылған.

Өткен аптада авдокаттар судьяға айыпталушының жазасын ауырлата түсетін тағы бір пункті алып тастау туралы өтініш түсірген. Ол пунктте Царнаев "азаматтық берген АҚШ мемлекетін сатып кетті" деп жазылған. Қорғаушылар "осындай қылмыс жасаған, бірақ АҚШ-та туған азаматқа ең қатаң жаза берілмейтінін", прокуратураның Царнаевты өлім жазасына кестіруге түрлі тәсілмен тырысып отырғанын айтады.

Адвокаттардың тағы бір өтінішінде "тұтқындалғаннан кейінгі 36 сағат ішінде Царнаев берген жауаптарды айғақтар қатарынан шығарып тастауды" сұраған. Қорғаушылар "осы уақыт ішінде Царнаевтың жарақаттан қиналғанын, оның дәрінің күшімен отырғанын және ешкімнің оған қорғаушысыз жауап бермеу құқығы бар екенін ескертпегенін" айтады.

АҚШ заңдары бойынша "егер қылмыскер ұсталған бетте көптеген адамның өліміне себеп болатын, келешекте жасалатын басқа қылмыстар туралы ақпараттарды білетін болса, онда оған қорғаушы алу құқығы ескертілмейді".

Тағылған айып бойынша, Джохар Царнаев пен оның ағасы Тамерлан 2013 жылы 15 сәуір күні Бостон марафонының мәресінде екі жарылыс жасаған. Жарылыстардан үш адам қаза тауып, 280 адам жараланды.

Бостондағы жарылысқа байланысты АҚШ-та қазақстандық студенттер Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқов та сотқа тартылып жатыр. Оларға терактіге қатысты «тергеу жұмыстарына кедергі келтірмек болған» деген айып тағылған.
XS
SM
MD
LG