Accessibility links

АҚШ Путиннің Қырымға барғанын сынады


Ресей президенті Владимир Путин портты Севастополь қаласында сөйлеп тұр. Қырым, 9 мамыр 2014 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин портты Севастополь қаласында сөйлеп тұр. Қырым, 9 мамыр 2014 жыл.
АҚШ мемлекеттік департаменті Ресей президенті Владимир Путиннің Қырымға барғанын «қажеті жоқ сапар және арандатушылық» деп сипаттады. Бұл туралы осы мекеменің баспасөз хатшысы Джен Псаки мәлімдеді. Бұған қоса ол жұма күні Мариупольде болған қантөгісті айыптады.

«Біз Украина заңнамасын бұзып, қарудың көмегімен қоғамдық ғимараттарды басып алып, қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін күштерді қолындағы қаруларын тапсыруға тағы да шақырамыз» деді Псаки.

Оның айтуынша, Женева келісіміне сәйкес Украинадағы шиеленісті бәсеңдетуге бағытталған Ресейдің кез келген қадамы АҚШ тарапынан құптауға ие болады.

«Біз бұған дейін де олардың айтқанын естігенбіз, бірақ қазір біз нақты қимыл-әрекет күтеміз, егер біз дағдарыстың аяқталуын қаласақ, сөз іске айналуы тиіс» деп мәлімдеді Псаки.

9 мамыр күні Ресей президенті Владимир Путин Севастопольде өткен Жеңіс күні парадына қатысып, осы қала мен Қырымның Ресейге қосылуымен құттықтаған еді.

– Қырым мен Севастополь туған отанына қайта оралды, – деді ол.

Украина билігі Путиннің Севастопольге баруына наразылық білдірді. Киев Путиннің сапарын «арандатушылық» деп сипаттап, «бұл Ресейдің Украинамен қатынасын ушықтыра түсуге ниеті барын дәлелдейді» деп мәлімдеген.

НАТО бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен Путиннің Қырымға баруын «жөнсіз» деп атады. Сонымен бірге Расумссен «Мәскеудің мәлімдемесіне қарамастан, Ресей әскерін Украинамен шекарадан алып кеткеніне дәлел жоқ» деп айтқан.

Ресей түбекті өзіне қосып алғалы бері президент Путин бірінші рет Қырымға жұма күні барған еді. Украина мен батыс елдері Ресей Қырымды «анексия жасап заңсыз қосып алды» деп санайды.
XS
SM
MD
LG