Accessibility links

Қырғызстан шетелдіктердің бала асырауына қайта рұқсат етпек


Қырғызстандық балалар. (Көрнекі сурет).

Қырғызстандық балалар. (Көрнекі сурет).

Қырғызстанның әлеуметтік даму министрлігі шетелдік 7 компанияға қырғызстандық балаларды шетелге асырауға берумен айналысуына лицензия берді.

Министрлік өкілі Қымбат Қадыралиеваның 13 мамырда Азаттықтың Қырғыз қызметіне хабарлауынша, жеті компанияның алтауы - америкалық, біреуі - швециялық.

Ол тағы халықаралық бірнеше компанияның Қырғызстаннан бала асырап алумен айналысу туралы өтініштері қаралып жатқанын, оларға да рұқсат беріліп қалуы мүмкін екенін айтты.

Ресми орындардың хабарлауынша, шетелдік компанияларға лицензия берілуі таяу арада елде шетелдіктердің бала асырап алуына рұқсат етіледі дегенге меңзейді.

Қырғызстанда шетелдіктердің бала асырап алуы 2011 жылы бұрынғы әлеуметтік қорғау министрі Равшан Сабиров баланы асырауға беру процесі кезінде пара алды деп айыпталған соң тоқтатылған еді.
XS
SM
MD
LG