Accessibility links

Украина: Краматорскіде 3 сепаратист тұтқындалды


Краматорск мен Славянск қалаларының арасында жүрген украин әскері. Украина, 4 мамыр 2014 жыл.
Краматорск мен Славянск қалаларының арасында жүрген украин әскері. Украина, 4 мамыр 2014 жыл.
Украина әскері Донецк облысының Краматорск қаласы түбіндегі Староварваровка селосында "антитеррорлық операция" барысында үш сепаратисті тұтқынға алды деп хабарлады 15 мамырда Украинаның қорғаныс министрлігі. Тұтқынға алынғандардан танкіге қарсы қолданылатын гранатомет тәркіленген. Әскерилер мен бейбіт тұрғындар арасында мерт болғандар жоқ.

15 мамырға қараған түні Староварваровка селосының маңында украин әскері мен ресейшіл қарулы белсенділер арасында шайқас болған. "Ақпараттық қарсыласу" тобының жетекшісі Дмитрий Тимчуктың Facebook-тегі парақшасында жазуына қарағанда, әскерилер тұрғын үйлерге жасырынған сепаратистер тобын қоршауға алған. Тымчуктың сөзінше, украин әскерилері арасында жаралылар бар. Ресейшіл белсенділерден бірнеше адам қаза тапқаны айтылды, бірақ нақты адам саны туралы ақпарат жоқ.

Славянскінің өзін-өзі жариялаған отрядтарының жетекшісі операция барысында украин әскерилері "бейбіт тұрғындарға оқ атты" деп мәлімдеді. Бірақ Украина қорғаныс министрлігі оны жоққа шығарады.

Украина президентінің міндетін атқарушы Александр Турчинов 15 мамырда ел парламенті - Жоғарғы Рада отырысында Краматорск түбіндегі шайқаста сепаратистердің әскери базасы жойылғанын хабарлады.

Сепаратистер "украин әскерилері әскери техникаларын әкетіп, Донецк облысындағы блокпосттарды бір тәулік ішінде босатпаса, арнайы операция жүргізетіндерін" ескертті.
XS
SM
MD
LG