Accessibility links

Қырым татарлары депортациясына 70 жыл толды


Қырым татарлары 1944 жылы 18 мамыр күні болған депортация құрбандарын еске алу жиынында. Алматы, 18 мамыр 2014 жыл.
Қырым татарлары 1944 жылы 18 мамыр күні болған депортация құрбандарын еске алу жиынында. Алматы, 18 мамыр 2014 жыл.
1944 жылы Сталин басқарған совет мемлекетінде Қырым татарларын депортациялағанына бүгін, 18 мамыр күні тура 70 жыл толды.

Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде «неміс және румын оккупанттарымен бірге жұмыс істеген» деген желеумен совет өкіметі 200 мыңнан астам Қырым татарын мал таситын вагондарға мінгізіп, Ресей мен Орталық Азияның қиыр түкпіріне жер аударған.

Бұдан бірнеше күн бұрын Қырымның жаңа билігі маусымның 6-сына дейін түбекте митингтер өткізуге тыйым салғандықтан қасіретті оқиғаға 70 жыл толуына арналған көпшілік шаралар Қырымда өткізілмейді. Жұма күні Қырым татарлары Меджлисі Симферопольде мамырдың 17-сі мен 18-іне жоспарланған акцияларды өткізбеу туралы ұйғарымға келді.

Бүгін Симферопольдегі «Салгирка» саябағында және қаладағы вокзал маңындағы скверде 1944 жылғы депортация құрбандарын еске алу акциялары өтті.

Жексенбі күні Алматыда қырым татарлары өкілдері 1944 жылғы депортация құрбандарын еске алуға жиналды. Дәл осындай еске алу шаралары бүгін Украинада, Ресейде және тағы басқа елдерде өткізілді.

Ресей өзіне қосып алған Қырым билігі мамыр айының басында Қырым татарлары жетекшілерінің бірі Мустафа Джемилевті еліне кіргізбей қойды. Бұған наразылық ретінде оны қарсы алуға шыққан қырым татарлары түбектегі Симферополь, Бахчисарай және өзге бірнеше қалада біраз уақытқа автокөлік жолдарын бөгеді.

Қырымның қазіргі прокуратурасы Меджлис төрағасы Рефат Чубаровқа «экстремистік іс-әрекетке жол бермеуді» ескертіп, биліктің айтқанына бағынбайтын болса Меджлистің жабылатынын мәлімдеген еді.
XS
SM
MD
LG