Accessibility links

Краматорскіде "ресейлік журналистер" ұсталды


Краматорск қаласына кіре берісінде өткізу бекетінде тұрған украиналық әскерилер. 15 мамыр 2014 жыл.
Краматорск қаласына кіре берісінде өткізу бекетінде тұрған украиналық әскерилер. 15 мамыр 2014 жыл.
Украина қорғаныс министрлігі Краматорск қаласы түбінде өздерін "ресейлік журналистерміз" деп таныстырған белгісіз бірнеше адамның ұсталғанын хабарлады. "Өздерін Ресей азаматымыз және журналистерміз деп таныстырған адамдар ұсталып, құқық қорғау органдарына істің ақ-қарасын анықтауға жіберілді" делінген министрлік хабарламасында.

Бұған дейін кейбір ақпарат құралдары украин әскерилері елдің шығысындағы "антитеррорлық операциялар" барысында LifeNews телеарнасының ресейлік екі журналисі Олег Сидякин мен Марат Сайченконы ұстағанын хабарлаған еді. Бұдан соң LifeNews құрамына кіретін News Media холдингінің басшылығы Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровты журналистердің босатылуына көмектесуге шақырған.

Украиналық УНИАН агенттігінің сайтында журналист деп сипатталған, орындықта қолдары байланып отырған екі ер адамның суреті жарияланды. Агенттіктің хабарлауынша, журналистер Краматорск қаласы маңындағы зымыран күштері кешенінде өзге де "бүлікшілермен" бірге ұсталған. Агенттік ұсталғандардан тәркіленді деген қарулардың суретін де қоса жариялаған.

Соңғы апталарда Краматорск маңында украин әскери бөлімшелері мен ресейшіл қарулы топтар арасында шайқас жүріп жатыр.
XS
SM
MD
LG