Accessibility links

АҚШ кемесі ғарыш станциясынан оралды


SpaceX Dragon ғарыш кемесі. (Көрнекі сурет).

SpaceX Dragon ғарыш кемесі. (Көрнекі сурет).

АҚШ-тың "Dragon" коммерциялық жүк таситын ғарыш кемесінің капсуласы халықаралық ғарыш станциясынан Жерге оралды.

АҚШ-тың жекеменшік SpaceX компаниясына тиесілі кеме капсуласы мамырдың 19-ына қараған түні Тынық мұхиты аумағына қонған.

Ғарыш кемесі халықаралық ғарыш станциясынан Жерге АҚШ ғарыш агенттігінің (НАСА) екі тоннаға жуық ескі құрал-жабдықтары мен ғылыми жобаларын алып қайтқан.

НАСА 2011 жылы өзінің "Шаттл" ғарыш кемелерінің қызмет ету мерзімі аяқталғаннан бері халықаралық ғарыш станциясына жүк жеткізу үшін SpaceX және Orbital Sciences Corporation компанияларын жалдап келеді.

SpaceX, Boeing және Sierra Nevada компанияларын НАСА халықаралық ғарыш станциясына адам тасымалдайтын ғарыш кемелерін дамыту бағдарламаларына да тартқан.

2017 жылы жоспардағыдай ғарыш кемелері жасалынса, АҚШ ғарыш станциясына жүк және адам тасымалдауда Ресейдің "Союз" ғарыш кемелеріне тәуелділіктен құтылуы мүмкін.

Ресей таяуда 2020 жылдан соң халықаралық ғарыш станциясын пайдаланудан бас тарту ниеті барын мәлімдеген еді. Бұлай болса, АҚШ-тың станцияға адам және жүк жеткізетін басқа жол іздеуіне тура келеді.
XS
SM
MD
LG