Accessibility links

Назарбаев Си Цзиньпинмен кездесті


Қытайда сапармен жүрген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 19 мамырда осы ел басшысы Си Цзиньпинмен кездесіп, екі жақты бес құжатқа қол қойды.

Ресми БАҚ-тың хабарлауынша, кездесуде Назарбаев пен Си Цзеньпин екі жақты сауда-экономикалық, қаржы, инвестиция, транспорт және ауыл шаруашылық салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылаған. Кездесу қорытындысында екі ел басшысы стратегиялық әріптестіктің барлық саласын қамтитын бірлескен декларацияға қол қойған.

Бұдан өзге, Қытайдың CITIC корпорациясы мен "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры арасында мұнай-газ және тау-кен салаларында өзара байланысты дамыту жөніндегі меморандумға, Шымкент мұнай өңдеу зауытын 1 миллиард АҚШ долларына жөндеуден өткізу туралы меморандумға және Қытайдың мемлекеттік даму банкі мен Қазақстанның даму банкі арасында 500 миллион АҚШ доллары туралы несие алу туралы келісімге қол қойылған.

"ҚазМұнайГаз" компаниясы мен CNPC корпорациясы да Алматы облысында диаметрі үлкен мұнай-газ құбырларын шығаратын, жобалық құны 150 миллион АҚШ доллары болатын зауыт салу туралы келісім жобасына қол қойған.

Назарбаев Қытайда 21 мамырға дейін болады. Ол Қытайда өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің 4 саммитіне қатысады. Саммитте тұрақтылық пен аймақтық қауіпсіздікті күшейту мәселелері талқыланбақ.
XS
SM
MD
LG