Accessibility links

Еуразия Одағына қарсы белсенділер: "ҰҚК-де тергелдік"


Жанболат Мамай, "Ашық алаң" газетінің бас редакторы.
Жанболат Мамай, "Ашық алаң" газетінің бас редакторы.
Еуразия Одағы туралы қоғамдық тыңдауды ұйымдастырып жүрген белсенділер Жанболат Мамай мен Инга Иманбай мамырдың 21-і күні "ұлттық қауіпсіздік комитетінде (ҰҚК) бес сағат тергелгендерін" хабарлады.

Жанболат Мамайдың айтуынша, ҰҚК олардан мамырдың 29-ы күні не істейтіндерін сұраған.

​«Мамырдың 29-ы күні Еуразия Одағына кіру бойынша құжатқа қол қойылады. Бұл қысым соның артынша ешқандай наразылық шарасы, қарсылық болмасын, наразы азаматтар бас көтермесін деген оймен жасалып отыр» дейді Жанболат Мамай Азаттық тілшісіне.

ҰҚК-нен белсенділердің сұралуына қатысты комментарий алу мүмкін болмады.

21 мамыр күні жергілікті БАҚ-тың бірі: «Жанболат Мамай мен Қазақстан қоғамына аса белгілі емес ресейлік ұлтшыл Александр Белов-Поткинге қатысты «ұлтараздық қоздыру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды» деп хабарлаған еді. Агенттіктің жазуынша, «Белов-Поткин мен Мамай қазақ ұлты мен славян халқы арасында араздық қоздыратын әрекет ұйымдастырған».

Бірақ Жанболат Мамай өзінің үстінен қылмыстық іс қозғалмағанын, бұл істе тек куәгер екенін айтады.

«Поткинмен және тағы басқаларымен ешқандай байланысым жоқ, болуы мүмкін емес. Ақорда мені және серіктерімді қаралау үшін әдейі ұйымдастырып отыр. Мұның барлығы 29 мамырда қол қойылатын Еуразия Одағы келісімімен байланысты» дейді ол.

Мамырдың 29-ы күні Қазақстан, Беларусь және Ресей президенттері үш ел интеграциясының Кеден Одағынан кейінгі кезеңі – Еуразия экономикалық одағын құру туралы келісім-шартты соңғы рет пысықтап, қол қоюды жоспарлап отыр.
XS
SM
MD
LG