Accessibility links

Астанада наразыларды полиция ұстады


Ақ орданың алдында наразылық танытқан тұрғындарды полиция ұстап жатыр. Астана, 23 мамыр 2014 жыл.

Ақ орданың алдында наразылық танытқан тұрғындарды полиция ұстап жатыр. Астана, 23 мамыр 2014 жыл.

Астанада бүгін, 23 мамыр күні 15 шақты адам тұрғын үйлері мен жер телімдерінің "мемлекет қажетіне" алынуына қарсылық білдіріп, парламент үйі алдында акция өткізді.

Оқиға орнында болған Азаттық тілшісінің хабарлауынша, наразы тұрғындар өздерінің шағым хаттарын парламенттегі жәшікке салды. Одан соң олар Қазақстан президенті резиденциясы - Ақорданың алдындағы алаңға барып, бір-бірін шынжырмен байлап тастады. Олар бір-біріне шынжырмен байланған күйі Ақорда алдындағы жәшікке шағым хаттарын салды.

Бұдан кейін наразылар президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездестіруді талап етіп, Ақорданың президент кіріп-шығатын қақпасына қарай жүрді. Бірақ полицейлер наразы тұрғындарды бір-бірімен шынжырмен таңылған күйі көліктерге отырғызып алып кетті.

Осы аптада Астанада баспаналары мен жерлерінің "мемлекет қажетіне" алынуына наразы тұрғындардың рұқсат етілген митингісі болған еді. Оған 20-дан астам адам қатысқан. Митингіге келгендер биліктен Қазақстан конституциясында көрсетілген азаматтардың тұрғын үйге деген құқығы бұзылмауын, өздерін жалғыз баспаналарынан айырмауды талап етіп, халықты жерлері үшін күресуге және бірігуге шақырған.

Мамыр айында азаматтық белсенділер биліктен азаматтардан жылжымайтын мүліктерін алу тетіктерін заңда егжей-тегжейлі жазуды, тұрғындарды үйлерінен мәжбүрлеп шығарып баспанасыз қалдыруды тоқтатуды ұсынған еді.

Астанада жер телімдерін "мемлекет қажетіне" деген уәжбен алып жатқан қала билігінің әрекетіне, жер телімдерінің өтемақысына көңілі толмайтын наразы тұрғындар көп.
XS
SM
MD
LG