Accessibility links

Лех Валенса Майдан мен Мәскеуді сынады


Польшаның бұрынғы президенті Лех Валенса.

Польшаның бұрынғы президенті Лех Валенса.

Польшаның бұрынғы президенті Лех Валенса Киевтегі Майданның (билікті құлатқан шеруді айтады - ред.) ұйымдастырушыларын сынады. Оның сөзінше, Майдан жетекшілері әуел бастан ымырасыз, қатаң әрекеттер жасаған және олары қазіргі шиеленісті жағдайға ұласқан.

Оның пікірінше, Майдан лидерлері келіссөздер арқылы бұрынғы билікті кезектен тыс сайлау өткізуге мәжбүрлеуі керек еді. Мұның орнына олар жағдайды Ресей басқыншылығына түрткі боларлықтай дәрежеде ушықтырып алды. Валенсаның ойынша, "Ресей Украинадағы тұрақсыздықты пайдаланып кеткен".

Оның айтуынша, Майдан лидерлеріне ол жағдайдың осылай боларын ескерткен. "Өмірде келісімге келу керек, жауапкершілікті ұмытпау керек. Сіз елді Майданнан немесе көшеден басқара алмайсыз" дейді ол.

"Күшті екеніңді көрсет, наразы екеніңді білдір, депутаттарды президентке импичмент жариялауға мәжбүр ет, бірақ мұның бәрі көшеде емес, өркениетті түрде жасалуы керек. Ал олар орыстарға мүмкіндік беріп қойды" дейді Валенса.

Ресейдің Қырымды басып алғанын айтқан Валенса "Путиннің істегені ақылыма сыймайды, қазіргі қылықтары да миыма қонбайды. Украинаның бөлшектенгенін көргіміз келмейді. Қырым аннексиясын да ешқашан мойындамаймыз" деп мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG