Accessibility links

Украина: ДХР мен ЛХР «Новороссия» болып бірікті


Ресейшіл сепаратист бүлікшілер сайлау учаскелерінен тартып алған дауыс беретін жәшіктерді көрсетіп тұр. Донецк, 23 мамыр 2014 жыл.
Ресейшіл сепаратист бүлікшілер сайлау учаскелерінен тартып алған дауыс беретін жәшіктерді көрсетіп тұр. Донецк, 23 мамыр 2014 жыл.
Украинаның шығысындағы өзін өзі жариялаған «Донецк халық республикасы» мен «Луганск халық республикасы» қосылып «Новороссия» болып құрылды.

Бұл туралы құжатқа 24 мамыр күні Донецкіде өзін «Донецк халық республикасы» премьері деп жариялаған Александр Бородай мен өзін өзі жариялаған «Луганск халық республикалық жиыны» басшысы Алексей Карякин қол қойған деп хабарлайды «УРА-Информ.Донбасс» агенттігі. Жабық есік жағдайында өткен қол қою рәсіміне тек Ресейдің «Россия-24» мемлекеттік телеарнасының журналистері ғана қатыстырылған.

«Интерфакс» және УНН агенттіктерінің ақпараты бойынша, сенбі күні Донецкіде Украинаның оңтүстік-шығыс өңірінің өкілдері қатысқан жиында сөйлеген Жоғарғы Рада депутаты, «Оңтүстік-Шығыс» қозғалысының жетекшісі Олег Царев «орыстар мен украиндарды, әртүрлі партиялар мен қозғалыстар белсенділерін, кәсіподақтар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерін біріктіретін» Халық майданы құрылғанын мәлімдеген.

«Біз, Одессаның, Николаевтың, Херсонның, Днепропетровскінің, Запорожьенің, Харьковтің, Донецк мен Луганскінің халық өкілдері... бейбіт тұрғындарды шетелдік арнайы қызметтердің террорынан қорғау үшін, сонымен бірге өзін өзі билеу және әлеуметтік қауырт шаруаларды шешу үшін Халық майданын құратынымызды жариялаймыз» деп мәлімдеген Царев.

Украинада мамырдың 25-і күні кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Сайлау бюллетенінде 21 үміткердің аты-жөні жазылған. Елдің шығысындағы сепаратистер өздері тұратын аймақтардағы сайлауды өткізбей тастаймыз деп мәлімдеген.

Украина Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, Донецк пен Луганск облыстарында қазір 34 аймақтық сайлау комиссиясының 18-інің жұмысы тоқтатылған.
XS
SM
MD
LG