Accessibility links

Украинада президент сайлауы өтіп жатыр


Сайлауға дауыс беруге шақырған жазудың жанында тұрған коммуналдық қызмет жұмысшылары. Киев, 21 мамыр 2014 жыл.
Сайлауға дауыс беруге шақырған жазудың жанында тұрған коммуналдық қызмет жұмысшылары. Киев, 21 мамыр 2014 жыл.
Бүгін, 25 мамыр күні Украинада кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр. Бұл жолғы сайлауға, соңғы мәліметтер бойынша, барлығы 18 кандидат қатысып жатыр.

Украина президенті сайлауындағы дауыс беру барысын (Луганск мен Донецкіден басқа аймақтарда) Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының мыңнан аса бақылаушысы қадағалайды. Дауыс беру 12 сағат бойы жалғасады.

Қоғамдық пікірді зерттеу сауалнамасы нәтижесі бойынша, үміткерлердің арасында миллиардер Петр Порошенко алда келеді. Бірақ оның сайлаудың бірінші кезеңінде дауыс бергендердің жартысынан астамының қолдауына ие болуы неғайбіл. Сауалнама бойынша, Порошенкодан кейінгі орында бұрынғы премьер-министр Юлия Тимошенко тұр.

Украина билігі ресейшіл сепаратистер бүлігі басылмай отырған Донецк мен Луганск облыстарында жексенбі күні сайлау учаскелерінің көбі ашылмауы мүмкін деп айтқан еді. Қарулы сепаратистер сайлау учаскелерінің жартысына жуығын басып алды немесе оларға бөгет қойды. Кейбір сайлау учаскелерінде комиссия мүшелерін ұрлап әкеткен, қорқытып-үркіткен.

Өзін өзі жариялаған «Донецк халық республикасы» жетекшілерінің бірі Денис Пушилин 24 мамыр күні «қажет болған жағдайда көтерілісшілер сайлауды өткіздірмес үшін күш қолданатынын» мәлімдеген еді.

Украина билігі кезектен тыс президент сайлауына дауыс беретін күні қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ондаған мың полиция қызметкерлері мен еріктілер жұмылдырылғанын айтады.

Украина премьер-министрі міндетін атқарушы Арсений Яценюк бұл сайлау елдің шығысындағы тұрақсыз жағдайды сабасына түсіру үшін алғашқы қадам болады деп мәлімдеген. Ресей президенті Владимир Путин Мәскеу Украинаның халық сайлаған президентімен жұмыс істейді деп уәде берген.

Сенбі күні Арсений Яценюк Украина азаматтары сайлау үшін жауапкершілікті көтеретіндерін және осы сайлауды өткізбеуге тырысып жатқан «шетел демеп отырған бандиттердің» қоқан-лоққысына қарамастан бұл сайлауда дауыс беруі тиіс деп мәлімдеген еді. Яценюк сайлауда жеңіске жеткен үміткер Еуропа Одағымен еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қояды деп сенетінін айтқан.

Былтыр Мәскеу қолдайтын Украинаның экс-президенті Виктор Янукович Еуропа Одағымен келісімге қол қоюдан бас тартқан соң басталған билікке наразылық шеруі бірнеше айға жалғасып, ақыр соңында биыл ақпан айында биліктен тайдырылған Янукович Ресейге қашуға мәжбүр болды.

Украинадағы кезектен тыс презиент сайлауының алдын ала ресми нәтижесі 26 мамыр күні белгілі болмақ.
XS
SM
MD
LG