Accessibility links

Астанада Азаттық тілшісі әкімшілік қамауға алынды


Азаттық тілшісі Өркен Жоямерген белсенділер ұйымдастырған жиыннан хабар таратуға барған соң ұсталғаннан кейін өзіне қатысты әкімшілік соттың басталуын күтіп тұр. Астана, 28 мамыр 2014 жыл. (Сурет Алмас Мақсұтовтан алынды).

Азаттық тілшісі Өркен Жоямерген белсенділер ұйымдастырған жиыннан хабар таратуға барған соң ұсталғаннан кейін өзіне қатысты әкімшілік соттың басталуын күтіп тұр. Астана, 28 мамыр 2014 жыл. (Сурет Алмас Мақсұтовтан алынды).

Астанада Еуразия Одағына қарсы іс-шара өткізбек болған он адам "ұсақ бұзақылық" жасады деген айыппен үш күннен төрт күнге дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алынды. Қамалғандардың арасында іс-шарадан хабар дайындауға барған Азаттық тілшісі Өркен Жоямерген де бар.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, "16/12" интернет порталының журналистері Санат Урналиев пен Виктор Гудзь де әкімшілік қамауға алынған.

Есіл аудандық ішкі істер басқармасының Астана қаласы ауданаралық мамандандырылған әкімшілік сотына жіберген рапортында Өркен Жоямергеннің Қазақстан әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде қарастырылған "ұсақ бұзақылық жасағаны" айтылған.

Астана қаласындағы әкімшілік қамауға алынғандар ұсталатын абақтының кезекші бөлімі журналист Өркен Жоямергеннің төрт тәулікке қамалғанын Азаттыққа растады.

27 мамыр күні Астанада "Антигептил" қозғалысы мен бірқатар қала тұрғындары, жиыны 20 шақты адам қала шетіндегі Ильинка кентінде "антиеуразиялық жиын" өткізіп, 29 мамыр - Еуразия Одағы туралы келісімге қол қойылатын күнгі іс-шараларын жоспарламақ болған. Белсенділер онда іс-шаралар өткізу үшін киіз үйді жалға алып, журналистерді де шақырған. Олардың ізінше барған полиция жиналғандардың барлығын ұстап әкеткен.

Полиция "антиеуразиялық" жиын өтетін жерге жақын тұратын Астананың жеті тұрғынынан арыз түскенін, онда белсенділер "тұрғындарға дөрекі сөйлеп", тіпті кейбіріне "қол жұмсағаны" жазылғанын айтады.

Қамалған журналистер мен белсенділер өздеріне тағылған айыпты мойындамай, өздеріне қарсы жазылған шағымды "Еуразия Одағына қол қойылатын күн қарсаңындағы арандатушылық" деп атады.

29 мамыр күні Астанада Ресей, Қазақстан мен Беларусь президенттері Еуразия экономикалық одағын құру туралы келісімге қол қояды деп хабарланды. Бұл күн таяған сайын Алматы мен Астанада Қазақстанның жаңа бір аймақтық одаққа кіруіне қарсы азаматтық акциялар жиі өте бастады.
XS
SM
MD
LG