Accessibility links

"Сирияда жиһадқа қатысқан" адам Алматыда сотталды


Сирияға жихадқа барған қазақтар екенін мәлімдеп отырған адамдар. (YouTube видеосынан скриншот)

Сирияға жихадқа барған қазақтар екенін мәлімдеп отырған адамдар. (YouTube видеосынан скриншот)

Алматы қаласының Алмалы аудандық соты Сириядағы террористік топтың қызметіне араласып, қарулы жиһадқа қатысқан жергілікті тұрғын Камиль Абдулинді жеті жарым жылға соттады.

Қалалық соттың хабарлауынша, аудандық сот 27 мамыр күні 29 жастағы Абдулинге "террористік топ құру және басқару, оның іс-әрекетіне қатысу", "терроризмді немесе экстремизмді насихаттау я террористік және экстремистік әрекеттер жасауға жария түрде үндеу", "әлеуметтік, ұлттық, таптық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру" баптары бойынша айыпты деп танып, оны жеті жылға бас бостандығынан айыруға және мүлкін тәркілеуге үкім шығарған.

Тергеу деректеріне сәйкес, Абдулин 2013 жылы мамыр айының соңында қарулы жиһад жасау мақсатында Сирияға кеткен.

"Сирияда ол көп ұлттан құралған "Көне Түркістан" террористік тобының құрамына кіріп, оның базасында әскери дайындықтан өткен. Қарудан атуға машықтанған. Радикалды ортада қалыптасқан ережеге сай Абдулин "Абузар" деген діни лақап атқа ие болған" делінеді соттың ресми ақпаратында.

Камиль Абдулинге шығарылған сот үкімі заңды күшіне әлі енбеген.

Кейбір сарапшылар Сириядағы соғысқа қатысқан Қазақстан азаматтарына қатысты осымен үшінші қылмыстық іс бойынша сот үкімі шығып отырғанын айтады. Бұған дейін «Сириядағы соғыста лаңкестік топ ісіне қатысқан» және «лаңкестікті насихаттаған» деген айыптар тағылған Екібастұз қаласының екі тұрғыны биыл наурыз айында сот үкімімен жеті жылға бас еріктерінен айырылып, мүліктері тәркіленген еді. Ал «лаңкестік ұйымды қаржыландырды және оған көмектесті» деп айыпталған және екі адам екі жылға шартты мерзімге сотталған.

Былтыр жазда YouTube сайтында жарияланған «Сирияға жиһад жасауға барған 150 қазақ» туралы видеотаспа Қазақстанда қызу талқыланды. Азаттық тілшілері журналистік зерттеулер барысында видеодағы кейбір адамдардың аты-жөнін анықтаған еді.
XS
SM
MD
LG