Accessibility links

АҚШ: Сноуден тыңшылық заңдары бұзылды деп шағымданған жоқ


АҚШ Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуден америкалық телеарнадан сөйлеп тұр. Мәскеу, 28 мамыр 2014 жыл.
АҚШ Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуден америкалық телеарнадан сөйлеп тұр. Мәскеу, 28 мамыр 2014 жыл.
АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік агенттігі (ҰҚА) бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуденнің агенттік басшылығына барлау ақпараттарын жинау ережесінің бұзылуына қатысты шағым жасағанын жоққа шығарды.

Сноуден 28 мамырда Америка телеарналарының біроінде тікелей эфирде сөйлеген сөзінде агенттік басшылығына барлау деректерін жинауда заң бұзылғаны туралы бірнеше рет хабарлағанын мәлімдеген еді.

ҰҚА қызметкері Марси Миллердің айтуынша, агенттік оның ҰҚА-ның бас заңгерінің атына жазған бір ғана хатын тапқан. Онда Сноуден өзі өткен оқу курсының материалдарын түсіндіріп беруді сұраған.

"Электрондық хатта ешқандай айыптау болған жоқ және қандай да бір заң бұзушылық туралы шағым көрсетілмеген. Хатта тек тек құқықтық сұрақ болған. Оған заңгер жауабы берілген" дейді Марси Миллер.

Бірақ Сноуден заңгерге жазған хатын жарыққа шығару оның "агенттік басшыларымен жазысқан хаттарының толық мазмұнын аша алмайды" дейді.

Сноуден ҰҚА-ны барлау мәліметтерін жинауда заң бұзды деп айыптайды. Өткен жылы жазда ол агенттіктен жымқырған құжаттарын ақпарат құралдарына беріп, АҚШ-тан кетіп қалған. Кейін ол Ресейден уақытша баспана алып, сонда тұрып жатыр.

АҚШ билігі оның елге қайтарылып, "мемлекеттік құпия құжаттарды ұрлау" ісі бойынша сотқа тартылуын талап етеді.
XS
SM
MD
LG