Accessibility links

Әлем халқының үштен бірі семіздікке шалдыққан


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Lancet медициналық басылымы жариялаған жаңа есеп бойынша, Жер шары халқының үштен бірі семіздіктен зардап шегеді. Басылым есебінде сарапшылар 188 елдің 1980 жылдан 2013 жылға дейінгі деректеріне талдау жасап, әлемде 2,1 миллиард адам семіздікпен ауырады немесе артық салмағы бар деген қорытынды жасағаны айтылады. 33 жыл бұрын бұл көрсеткіш 857 миллион адам болған.

Семіздікке ұшыраған адамдар үлесі көп аймақ - Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс. Мұнда ерлердің 60 пайызы, әйелдердің 65 пайызы артық салмақтан зардап шегеді.

Семіздіктен зардап шегетін адамдар саны ең көп ел ретінде АҚШ атанған. Мұнда әлемдегі семіздікке шалдыққан адамдардың 13 пайызы тұрады. Семіздікке шалдыққандар саны ең көп 10 ел қатарында АҚШ-тан өзге Қытай, Үндістан, Ресей және Пәкістан да бар.

Билл және Мелинда Гейтс қаржыландырған зерттеуде семіздікке ұшырағандар санының мұнша көп болуы денсаулық сақтау жүйесіне ауыр тиеді делінген.

БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының 2013 жылғы баяндамасында Орталық Азия аймағындағы ең семіз адамдар - қазақтандықтар деп көрсетілген еді. Қазақстандағы ересек адамдардың 24,4 пайызы - семіз. БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының сарапшылары «үш миллионға жуық қазақстандықтың немесе елдің әрбір төртінші тұрғынының артық салмағы бар» деп есептейді.

Кез келген жаста пайда болатын семіздік ағзадағы зат алмасудың созылмалы дерті ретінде қарастырылады. Май тінінің шамадан тыс жиналуы салдарынан пайда болатын семіздік халықтың жалпы сырқаттану деңгейін арттырып, өлім-жітімнің көбеюіне себеп болады. Семіздікке ұшыраған адамдар жүрек-қан тамырлары ауруларына, қатерлі ісік, диабет, артрит және бүйрек ауруларына жиі шалдығады.
XS
SM
MD
LG