Accessibility links

Оппозиция «Азаматтық кеңес» құрды


Қазақстан демократиялық күштерінің құрылтайына қатысушылар. Алматы, 31 мамыр 2014 жыл.
Қазақстан демократиялық күштерінің құрылтайына қатысушылар. Алматы, 31 мамыр 2014 жыл.
31 мамыр күні Алматы қаласындағы «Қазақ концерт» залында «Ел билігін халыққа қайтарайық» деген ұранмен Қазақстан коммунистік партиясы (ҚПК) мен Жалпы ұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, саясаткерлер, ғалымдар қатысуымен жиын өтті.

Жиынға Қазақстаннның түрлі өңірінен 1000-ға тарта адам қатысып, Қазақстанның қазіргі экономикалық саясаты мен авторитарық режимін сынаған баяндамалар жасалды. Жиын соңында «жалпыұлттық азаматтық жиналыс» құрылғаны және оның екі тұрақты құрылымы – азаматтық кеңес пен төралқа жұмыс істейтіні мәлімденді.

«Азаматтық кеңесті» басқаратын президиум сайланып, оның құрамына ЖСДП лидері Жармахан Тұяқбай, ҚПК жетекшісі Ғазиз Алдамжаров, «Аман-саулық» үкіметтік емес ұйымының басшысы Бақыт Түменова, Қазақстанның адам құқықтары бюросы жетекшісі Евгений Жовтис, баспасөзді қорғайтын «Әділ сөз» ұйымы басшысы Тамара Калеева және басқалар кірді. Кеңестің лидері болмайтыны, оны осы азаматтар бірігіп басқаратыны айтылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, азаматтық кеңес «президенттің өкілеттіктерін шектеу, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін құру, конституциялық сотты қалпына келтіру, шикізат өндіруші кешендерді кезең-кезеңімен мемлекеттің меншігіне қайтару» т.б. бағытта жұмыс істейтінін мәлімдеді.

Жиында мамырдың 29-ы күні Қазақстан, Беларусь және Ресей президенттері қол қойған «Еуразия экономикалық одағы туралы» келісім де сөз болып, белсенділер «пайдасынан зияны көп интеграцияны» сынады.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия жетекшісі Жармахан Тұяқбайдың Азаттық тілшісіне айтуына қарағанда, «жалпыұлттық азаматтық жиналысты «Еуразия экономикалық одағы туралы келісімге қол қоюдан бұрын өткізуге билік тарапынан тосқауыл қойылып, жиын өткізетін орын берілмеген».

Қазақстанда бұл тақілеттес «құрылтайлар» оқтын-оқтын өтіп, «жалпыұлттық» қозғалыстар құрылып тұрады. 2005 жылы, парламент сайлауы қарсаңында «Әділетті Қазақстан үшін» жалпыұлттық оппозициялық қозғалысы құрылды. Оның лидері болып Жармахан Тұяқбай сайланды. Бірақ сайлау нәтижесі бойынша, бұл құрылымның бірде-бір өкілі парламентке өте алмады. Бұдан арғы жылдары қозғалыстың белсенділігі байқалмай кетті.

2013 жылы қарашаның 23-і күні Алматыда Мұхтар Шахановтың жетекшілігімен «Халық өкілдерінің құрылтайы» өтіп, «Қазақ ұлттық кеңесі» құрылған еді. «Халық өкілдерінің құрылтайына» қатысқандардың кейбірі - Балташ Тұрсымбаев, Ғазиз Алдамжаров бүгінгі жиынға да қатысты.

2013 жылдың желтоқсан айында Алматыда бір топ қоғам және оппозиция белсенділері 2014 жылдың ақпан айына қарай «Қазақстан болашағы үшін!» жалпыхалықтық құрылтай ұйымдастыру туралы мәлімдеме жасаған еді.
XS
SM
MD
LG