Accessibility links

Бес жыл тұтқында болған АҚШ сарбазы босатылды


Ауғанстанда бес жыл тұтқында болған АҚШ сержанты Боу Бергдал.
Ауғанстанда бес жыл тұтқында болған АҚШ сержанты Боу Бергдал.
Ауғанстанда бес жыл тұтқында болған АҚШ сержанты Боу Бергдал сенбі күні бостандық алды. АҚШ үкіметі оны Кубадағы Гуантанамо базасында түрмеде отырған Талибанның бес адамына айырбастаған.

АҚШ президенті Барак Обама Бергдалдың туған жеріне оралуын отандастары қуанышпен күтіп отырғанын мәлімдеді. 28 жастағы сержанттың тұтқыннан босап шыққаны туралы оның ата-анасына президенттің өзі хабарлаған.

Ауғанстанның шығысындағы Пәкістанмен шекаралас аймақта Бергдалды қайтарып алу операциясына АҚШ арнайы әскерінің ондаған сарбазы қатысқан. Ресми ақпарат бойынша, Баграмдағы әскери база ауруханасына жеткізілген соң Бергдалдың денсаулығын дәрігерлер тексереді. Оның денсаулық жағдайы қалыпты екендігі хабарланды.

АҚШ сержантына айырбасталған Гуантанамода тұтқында болған бес адам осы іс бойынша келіссөздерде арағайындық жасаған Катар билігіне тапсырылады.

Боу Бергдал осы уақытқа дейін Ауғанстан территориясында талибтердің тұтқынында қалып келген жалғыз АҚШ сарбазы деп хабарланған. Оның тұтқынға қалай түскені осы күнге дейін белгісіз. Бұған «Хаккани» террористік тобының қатысы бар болуы мүмкін деген болжам бар.
XS
SM
MD
LG