Accessibility links

Қытайға тартқан газ құбырының үшінші тармағы қосылды


Орталық Азияда Қытайға газ тасымалдайтын құбырдың үшінші - С тармағының картасы.

Орталық Азияда Қытайға газ тасымалдайтын құбырдың үшінші - С тармағының картасы.

Орталық Азияда Қытайға газ тасымалдайтын құбырдың үшінші - С тармағы іске қосылды. Қытайдың China National Petroleum Corporation (CNPC) корпорациясының хабарлауынша, Түркіменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай арқылы өтетін газ құбырынан 31 мамырдан бастап Түркіменстаннан Өзбекстанға газ тасымалдана бастаған.

Құбырдың бұл тармағының ұзындығы 1830 километрге созылады және ол арқылы 2015 жылға қарай жылына 25 миллиард текше метр газ тасымалдану жоспарланып отыр. Мұның 10 миллиард текше метрін - Түркіменстан, 10 миллиард текше метрін - Өзбекстан, қалған 5 миллиард текше метрін Қазақстан қамтамасыз етпек.

Газ құбырының А тармағы - 2009 жылы, В тармағы 2010 жылы іске қосылған және ол арқылы қазір жылына 28 милилард текше метрге жуық газ тасымалданады.

2015 жылдың соңына таман тұтас құбыр арқылы тасымалданатын газ көлемі жылына 55 миллиард текше метрге жетеді деген жоспар бар.

CNPC биыл 21 мамырда Ресейдің «Газпром» мұнай корпорациясымен де газ келісімін жасасты. Бұл келісім бойынша «Газпром» Қытайды 30 жыл бойы газбен қамтамасыз етіп тұрмақ. Ресей 2018 жылдан бастап Қытайға жылына 38 миллиард текше метр табиғи газ жеткізеді. Бұл келісім-шарттың басқа шарттары құпия күйінше қалды.

Табиғи газдың Қытайға сатылатын бағасы ресми түрде хабарланған жоқ. «Газпром» төрағасы Алексей Миллер оны «коммерциялық құпия» деп атады. Алайда ол келісім-шарттың жалпы құны 400 миллиард доллар екенін жасырмады.

Ресей президенті Владимир Путиннің сөзіне қарағанда, Ресей осы келісімді іске асыру үшін әуелі 55 миллиард доллар инвестиция құяды, Қытай бұл жобаға кемінде 20 миллиард доллар қаражат салуды жоспарлаған. Путин «баға екі жаққа да тиімді» деді. Оның айтуынша, «Батыс елдерімен жасасқан халықаралық келісім-шарттардағыдай бұл жолғы баға да газ және газ отынының құнына байланысты анықталған».

Келісім-шарт бойынша Ресей газы Қытайға 2018 жылдан бастап беріледі. Алайда екі тараптың бірі әлденеге наразылық танытса, бұл мерзім ары жылжуы мүмкін.
XS
SM
MD
LG