Accessibility links

Абхазия президенті мен премьері отставкаға кетті


Абхазияның отставкаға кеткен президенті Александр Анкваб. Сухуми, 28 мамыр 2014 жыл.

Абхазияның отставкаға кеткен президенті Александр Анкваб. Сухуми, 28 мамыр 2014 жыл.

Грузиядан бөлінген жікшіл Абхазия аймағының президенті Александр Анкваб аймақта "тұрақтылықты қолдау үшін" отставкаға кететінін мәлімдеді.

Абхазия парламенті 31 мамыр күні оны президент міндетін атқаруға "қабілетсіз" деп танып, 24 тамызға мерзімінен бұрын президент сайлауын белгілеген еді. Парламент спикері Валерий Бганбаға уақытша президент міндетін атқару жүктелді. Анкваб парламенттің бұл әрекетін "конституцияға қайшы" деп атады.

Қазір Александр Анкваб Абхазиядағы Ресей әскери базасын паналап отыр. Мұнда ол 31 мамыр күні аймақ орталығы Сухумиде демонстранттар өзінің отставкаға кетуін талап етіп, кеңсесін басып алған соң қашып барған.

Анкваб президент болып 2011 жылы сайланған.

2 маусымда Абхазия аймағының премьер-министрі Леонид Лакербеяның да отставкаға кеткені хабарланды. Оны парламент спикері әрі президент міндетін атқарушы Валерий Бганба мәлімдеді.

Премьердің отставкаға кетуін өткен аптада Абхазия оппозициясы талап еткен еді. Оппозицияны парламент жақтап, премьерге сенімсіздік вотумын жариялаған. Наразылар 27 мамырда аймақ орталығы Сухумиде президент кеңсесін басып алып, Абхазияда уақытша басқару енгізетінін хабарлаған. Шерушілер елде билік жүйесін реформалауды талап еткен.

Леонид Лакербея Абхазия премьері қызметін 2011 жылдан бері атқарып келген. Енді оның міндетін вице-премьер, қаржы министрі Владимир Делба орындамақ.

Грузияның екі жікшіл аймағы - Абхазия мен Оңтүстік Осетия 2008 жылы тамызда Ресей-Грузия жанжалынан кейін Грузиядан бөлініп кетіп, тәуелсіздігін жариялаған. Бірақ бұл екі аймақтың тәуелсіздігін Ресей мен бірнеше мемлекет қана мойындаған.
XS
SM
MD
LG