Accessibility links

Бас прокуратура Әлиевтің ұсталғанын растады


Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі, Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев.

Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі, Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев.

Қазақстанның бас прокуратурасы осы елдің Австриядағы бұрынғы елшісі, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің Вена қаласында тұтқындалғанын 6 маусымда растады.

Вена қаласының прокуратурасы өкілдеріне сілтеме жасаған Қазақстан бас прокуратурасы «Әлиевті ұстауға «Нұрбанк» топ-менеджерлері Ж.Темірәлиев пен А.Хасеновті ұрлау және өлтіру фактісі бойынша тергеу материалдары негіз болғанын» айтады. Қазақстан тарабы мұның алдында осы айыптаулар бойынша [Әлиевті Қазақстанға] экстрадиция жасаудан бас тартылғандығына байланысты тергеу жұмыстарын Австрия жүргізіп жатқанын мәлімдеген.

Бас прокуратураның хабарламасында: "Австриялық тарап [Әлиев] ісі бойынша құқықтық көмекке жүгінген жағдайда Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы тиісті көлемде көмек көрсетуге дайын" деп жазылған.

Рахат Әлиев Австрия астанасы Вена қаласында 5 маусым күні кешке ұсталған. Бұл туралы France Press агенттігі австриялық APA агенттігіне сілтеме жасай отырып хабарлаған. ​Агенттіктің жазуынша, Рахат Әлиевтің адвокаты бұдан бұрын "Әлиевтің Австрия билігіне өз еркімен берілгісі келетінін, тергеуге көмектесу ниеті барын" айтқан.

Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы күйеуі Рахат Әлиев 2007 жылдан бері шетелде жасырынып жүр. Бұған дейін Қазақстан соты Рахат Әлиев пен Ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы төрағасы, "Әлиевтің сыбайласы" деп сипатталатын Әлнұр Мұсаевты «Нұрбанк» топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновты ұрлаған және тағы бірнеше қылмыс жасаған деп айыптап, екеуін ұзақ мерзімге соттау туралы сырттай үкім (жиыны 40 жылға соттады - ред.) шығарған.

Рахат Әлиев 2013 жылдың соңында оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты істе де күдікті деп танылған.

Қазақстан билігі Рахат Әлиевке "адам өлтіру және кісі ұрлаудан" бөлек, "қылмыстық топ құрып басқарды, мемлекеттік төңкеріс жасауға тырысты, мемлекетке сатқындық жасады" деген де айыптар таққан. Әлиев өзіне тағылған айыптарды теріске шығарып, саяси себептер бойынша қудаланып жатқанын мәлімдеумен келеді.
XS
SM
MD
LG