Accessibility links

Сепаратистер атып түсірген ұшақтан үш адам тірі қалған


Славянскідегі ресейшіл сепаратистер, маусым, 2014 жыл.

Славянскідегі ресейшіл сепаратистер, маусым, 2014 жыл.

Украинаның шығысындағы Славянск қаласы маңында атып түсірілген АН-26 әскери-транспорттық ұшақ экипажы құрамындағы сегіз адамның үшеуі тірі қалған. Бұл туралы Украина қорғаныс министрлігі өкілі Владислав Селезнев Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, үшеудің бірі қазір медициналық мекемеде жатыр.

«Қазіргі уақытта қаза болған үш кісінің денелері табылды, хабарсыз кеткен тағы екі адамды іздеу жұмыстары жүріп жатыр» делінген хабарламада.

Селезневтің жазуынша, ұшқыштар сепаратистер зениттік қарудан атып түсірген ұшақты Славянск тұрғындарының өміріне қауіп төндірмейтіндей бағытқа бұрып үлгерген.

Бұған дейін, маусымның 6-ы күні Славянск маңында Украинаның әскери ұшағын сепаратистер атып түсіргені туралы хабар тараған еді.

Куәгерлердің Twitter желісінде жариялаған жазбаларына қарағанда, бүгін таңертең Славянск мен Краматорск қалаларында атыс пен қатты жарылыс дыбыстары естілген, сепаратистердің минометтер мен автоматтардан атып жатқаны айтылады.

ИТАР-ТАСС агенттігі өздерін «халық жасағымыз» деп атайтындарға сілтеме жасап, Украина әскерилерінің Славянскінің орталығын зеңбіректен атқылағаны туралы ақпарат таратты. Бейбіт тұрғындар арасында жарқышақ тиіп жараланғандар мен құрбан болғандар бар деп хабарланды.
XS
SM
MD
LG