Accessibility links

ФИФА коррупция жайлы дауға қалды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.
Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) 2022 жылғы әлем чемпионатын Катарда өткізу туралы шешімі «коррупциялық іс-әрекеттің көмегімен қабылданған» деген дауға қалды.

Ұлыбританияның Sunday Times газеті ФИФА атқару комитетінің бұрынғы мүшесі Мохаммад бин Хаммамды «комитетке Азия елдерінен сайланған өкілдерді әлем чемпионатын Катарда өткізуді қолдауға көндіру үшін 1 миллион 700 мың доллар жұмсаған» деп айыптаған.

Сонымен бірге бин Хаммам ФИФА атқару комитетіне Таиландтан сайланған Ворави Макуди үшін үкімет деңгейінде келіссөздер өткізуді ұйымдастырған деген күдік бар. Келіссөздер тақырыбы ондаған миллион доллардың газын сату туралы келісім жасау мүмкіндігін талқылауға арналған.

Басылымның жазуынша, 2010 жылы ФИФАДА дауыс беруге дейін Макудиді Ресей президенті Владимир Путинмен және Катардың ресми адамдарымен кездесуге шақырған. 2010 жылғы дауыс беру нәтижесіне сәйкес, футболдан әлем чемпионатын 2018 жылы Ресейде, ал 2022 жылы – Катарда өткізу туралы шешім қабылданғаны мәлім.

ФИФА-ның тәуелсіз комитеті бұл айыптауларды зерттеуге кірісті. Катар чемпионатын ұйымдастырушылар заңсыз іс-әрекеттерге қатысты өз тарапына айтылып жатқан айыптаулардың барлығын жоққа шығарып отыр.
XS
SM
MD
LG