Accessibility links

АҚШ конгресі "Талибанмен" тұтқын алмасуды тексермек


"Талибан" тұтқынынан босатылған америкалық сарбаз Боу Бергдал.

"Талибан" тұтқынынан босатылған америкалық сарбаз Боу Бергдал.

АҚШ конгресі өкілдер палатасының қарулы күштер жөніндегі комитеті Ауғанстанда тұтқында болған америкалық сарбаз Боу Бергдалдың Гуантанамо түрмесінде отырған "Талибанның" бес өкіліне қалай айырбасталғанын тексеретін болды. Бұл жайында 9 маусым күні осы комитеттің төрағасы, Калифорния штатынан сайланған конгресс мүшесі Говард Макеон мәлімдеді.

Мұның алдында конгрессте жабық жиын болған еді. Онда АҚШ президенті әкімшілігінің өкілдері конгрессмендерге Ауғанстан мен Пәкістанда бес жыл бойы "Талибан" қолында болған сержант Боу Бергдалдың Гуантанамо түрмесінде террористік әрекеттерге қатысы бар деген күдікпен қамауда отырған бес тұтқынға не үшін айырбасталғанын түсіндірген.

Президент Барак Обаманың әкімшілігі Бергдал әскери тұтқындарды айырбастау нәтижесінде бостандыққа шықты дейді. Бірақ конгрессте мұны тұтқын айырбасы емес, террористермен келісім жасау деп санайтындар көп. Конгресс мүшелері бұған қоса президент әкімшілігі Гуантанамо түрмесіндегі тұтқындардың босатылатыны туралы конгрессті алдын ала ескертпей, заң бұзды дейді.

Тұтқын алмасу туралы келісім бойынша, "Талибанның" босатылған бес өкілі Катар билігіне тапсырылады. Олар бұл ел аумағында кем дегенде бір жыл болуы тиіс.

Боу Бергдал қазір Германияда әскери ауруханада емделіп жатыр. Ол тұтқында болғанында өзін азаптағанын айтады.
XS
SM
MD
LG