Accessibility links

УЕФА Блаттердің ФИФА-ны басқаруына қарсы


ФИФА президенті Зепп Блаттер (ортада). Душанбе, 25 наурыз 2014 жыл.

ФИФА президенті Зепп Блаттер (ортада). Душанбе, 25 наурыз 2014 жыл.

Бразилияның Сан-Паулу қаласында өткен кездесуде УЕФА (Еуропа футбол ассоциациясы одағы) делегаттары ФИФА (Халықаралық футбол ассоциациясы) президенті Зепп Блаттерді келесі жылы қызметінен кетуге шақырды.

УЕФА басшылығының мүшесі Михаэль ван Прааг Зепп Блаттерге ол басшылық еткен тұста "ұйымның өзіне сеніп тапсырылған беделіне нұқсан келгенін" айтып, келесі президенттік сайлауына кандидатурасын ұсынбауға шақырды.

Голландия футбол федерациясының басшысы Михаэль ван Праагтың сөзінше, "жұрт ФИФА-ны коррупциямен және парақорлықпен байланыстыратын болған".

Ұлыбритания футбол федерациясының төрағасы Грег Дайк та Блаттердің ФИФА президенттігіне қайта сайлану ниетіне қарсылық білдірді.

78 жастағы Йозефф (Зепп) Блаттер ФИФА-ны 1998 жылдан бері басқарып келеді.

Қазір ФИФА 2022 жылғы әлем чемпионатын Катарда өткізу туралы шешімі «коррупциялық іс-әрекеттің көмегімен қабылданған» деген дауға қалды.

Ұлыбританияның Sunday Times газеті ФИФА атқару комитетінің бұрынғы мүшесі Мохаммад бин Хаммамды «комитетке Азия елдерінен сайланған өкілдерді әлем чемпионатын Катарда өткізуді қолдауға көндіру үшін 1 миллион 700 мың доллар жұмсаған» деп айыптаған.

Сонымен бірге бин Хаммам ФИФА атқару комитетіне Таиландтан сайланған Ворави Макуди үшін үкімет деңгейінде келіссөздер өткізуді ұйымдастырған деген күдік бар. Келіссөздер тақырыбы ондаған миллион доллардың газын сату туралы келісім жасау мүмкіндігін талқылауға арналған.

Басылымның жазуынша, 2010 жылы ФИФА-да дауыс беруге дейін Макудиді Ресей президенті Владимир Путинмен және Катардың ресми адамдарымен кездесуге шақырған. 2010 жылғы дауыс беру нәтижесіне сәйкес, футболдан әлем чемпионатын 2018 жылы Ресейде, ал 2022 жылы Катарда өткізу туралы шешім қабылданғаны мәлім.

ФИФА-ның тәуелсіз комитеті бұл айыптауларды зерттеуге кірісті. Катар чемпионатын ұйымдастырушылар заңсыз іс-әрекеттерге қатысты өз тарапына айтылып жатқан айыптаулардың барлығын жоққа шығарып отыр.
XS
SM
MD
LG