Accessibility links

Ирактың Мосул қаласынан 500 мың адам кетіп қалған


Мосулдан кетіп жатқан тұрғындар. Ирак, 10 маусым 2014 жыл.

Мосулдан кетіп жатқан тұрғындар. Ирак, 10 маусым 2014 жыл.

Соңғы күндері Ирактың Мосул қаласы мен оның айналасынан қала исламшыл содырлардың бақылауына өткеннен кейін 500 мыңға жуық адам көшіп кетті деп хабарлады Женевада орналасқан Халықаралық миграция ұйымы.

"Әл-Қаидамен" байланысты "Ирак және Левант ислам мемлекеті" ұйымының содырлары 10 маусым күні Мосул қаласының бірнеше маңызды нысанын бақылауына алған еді.

Жергілікті тұрғындардың хабарлауынша, ұйым мүшелері сәрсенбі күні таңертең Мосулға толық бақылау орнатқан. Үкімет ғимараттары басып алынып, көшелерге қарулы адамдар қарауылға шыққан.

Бүгін содырлар Мосулға таяу Байджи қаласын бақылауына алған. Кейбір ақпараттарға қарағанда, 250 қарулы күзетші қорғап тұрған жергілікті мұнай өңдеу зауыты қоршауға алынған, қазір келіссөздер жүріп жатыр.

Ирак парламенті 12 маусым күні жағдайға қатысты жиын өткізіп, премьер-министр Нури әл-Маликидің елде төтенше жағдай жариялау туралы ұсынысын талқыламақ.
XS
SM
MD
LG