Accessibility links

Киевтің ең батыл тұрғыны қантөгіс тоқтаса дейді


Украиналық қала альпинисі Mustang Wanted
Украиналық қала альпинисі Mustang Wanted

Басына көз жетпейтін зәулім ғимараттарға өрмелеп шығып, төбесінен салбырап немесе биік кранға бір қолымен ілініп тұрып видеоға түсетін Киев тұрғынын күллі әлем қазір танып алған.

Mustang Wanted деген лақап атпен танылған жүректі жігіт осы жылдың басында Киевте болған полиция мен шерушілер шайқасын қысқа метражды фильмге түсірді.

«ӨРМЕКШІ АДАМ»

Жай ғана «Mustang биіктен қорықпайды» десек, оның сипатын жеткізе алмас едік. Ол өзі әлемге Mustang Wanted деген атпен танылды. Жас украин жігіті дүниедегі ең батыл адамның біріне айналды. Оның интернетке шыққан аса қауіпті трюктерінің видеосын шіміркенбей, түршікпей көру мүмкін емес.

Қаңтарда жарияланған, 6 миллион адам көрген соңғы видеода ол зеңгір үйдің ұшар басында асылып тұрып қамсыз әңгіме айтады, көктегі жіңішке темір үстінде билеп, адамның басы айналатын биік шатырдың үстінде жүр, бір қолымен кранға да ілініп тұр. Қала альпинизміне тән дәстүрмен қауіпсіздік белдігін тақпаған.

Ол видеоны мына жерден көріңіз:

Ол: «Мен үшін бұл - әшейін уақыт өткізудің амалы. 100 метрден асқан соң қандай биіктік болсын айтарлықтай айырма қалмайды» дейді.

Ақпан айында Киевте «Беркут» арнайы жасағы мен «Еуромайдан» шерушілерінің қанды шайқасын түсірген видеосы да көрген адамның жүйкесіне әсер етпей қоймайды.

СҰМДЫҚ ФИЛЬМ

Майданда ол кезде ондаған адам қаза тапты. «Биік үйлердің шатырына шығудан қорықпаймын. Майдан кезінде де қорыққан жоқпын. Бірақ адамдардың өліп жатқанын көргенде жаның түршігеді екен» дейді Mustang.

Украина телеарнасында көрсетілген оның шағын фильмі Канн фестиваліне де қатысты. Оның Киевтегі оқиғаны қырағылықпен бақылап, барлық қасіретін барлай алғаны байқалады. Оның сол фильміне қарасаңыз, шерушілер қантөгіске қарамастан үрейге бой алдырмаған.

Ол көргенін: «Адамдар өлген-тірілгеніне қарамай алға жүрді. Жұртты небәрі 200 метр қашықтықтан атып жатыр, алдыдағылар өле бастағанда да жұрт тоқтамады» деп есіне түсірді. «Ешкім кібіртіктеп, кідірмеді. Бәрі алға ұмтылды. Мұндай әрекет кейде әскердегі жауынгердің де қолынан келмейді» дейді Mustang.

Қантөгіспен біткен «Еуромайдан» шеруі 2013 жылы қараша айында басталған еді. Сол кездегі Украина президенті Виктор Янукович Еуропа Одағымен серіктестік келісіміне қол қоюдан бас тартқан. Осыған наразы болған азаматтар көшеге жиылғанда Mustang та солардың жағына шыққан.

Ол: «Сонда жұрт - бір жақ, «Беркут» - бір жақ. Екі жақ ізгілік пен зұлымдық сияқты шайқасқан еді» дейді.

Жақында ол Украинаның шығысына барып, Киевтің «терроршыларға қарсы операциясын», яғни үкімет әскерінің ресейшіл сепаратистерге қарсы соғысын да көріп қайтты. Бір қызығы - баяғы «Беркут» қызметкерлерінің біразы бұрынғы «Еуромайдан» шерушілерімен күш біріктіріп, бүлікшілерге қарсы шайқасып жатыр.
Mustang Wanted Мәскеудегі биік ғимаратқа шығып тұр.
Mustang Wanted Мәскеудегі биік ғимаратқа шығып тұр.


Mustang: «Ондағы тұрғындардың көбі Ресейге қосылғысы келмейді. Бүлікшілер полицияны басынып алған. Қарапайым тұрғындарды тонап, көліктерін тартып алып жатыр» дейді.

Наурыз айында Ресей Украина құрамындағы Қырым түбегін тартып алды. Бұдан кейін шығыс аймақтардағы сепаратистер бас көтерді. Бірақ Mustang Мәскеу мен Украина арасында үлкен соғыс басталады дегенге сенбейді.

Ол: «Орыстардың әскері көп, ядролық қаруы да бар. Бірақ олар (Ресей билігін айтады - ред.) бір нәрсені көрмей отыр. Қалай ойлайсыз, ол әскер өздеріне ешқашан жаулық ниет көрсетпеген бауырласы - украин халқын қыра ма?» дейді.

Украинада - дағдарыс. Бірақ Mustang биікке өрмелеп, жүрек шайлықтыратын трюктерін жасай береді. Ол: «Енді қайта көшедегі қантөгісті түсіруден сақтасын. Фильм түсірген жақсы, бірақ ондай енді қайталанбаса екен» дейді.

(Дмитрий Волчектің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)
XS
SM
MD
LG