Accessibility links

Ресей БҰҰ-ға Украинаға қатысты қарар ұсынды


Украина территориясында жүрген ресейлік танк пен әскери көлік. 12 маусым 2014 жыл.

Украина территориясында жүрген ресейлік танк пен әскери көлік. 12 маусым 2014 жыл.

Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне Украинадағы дағдарысқа қатысты қарарын ұсынды. Ресейдің БҰҰ-дағы елшісі Виталий Чуркиннің айтуынша, қарар Украинада зорлық-зомбылықты тоқтатып, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) ұсынған бейбітшілік орнатудың жол картасын іске асыруға шақырады.

Бұған дейін Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров "Мәскеудің Украинаның шығыс облыстарындағы қақтығыстарды тоқтату ісінде қандай да бір ілгерілеушіліктің жоғына алаңдаушылығы күшейіп бара жатқанын" мәлімдеген. Украинаның бұл аймақтарында үкімет әскері мен ресейшіл сепаратистер соғысып жатыр.

Украина президенті Петр Порошенко Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, Ресей-Украина шекарасындағы оқиғаға қатысты наразылығын білдірген. Киевтің мәліметіне қарағанда, Ресей территориясынан Украинаның сепаратистермен қақтығыс болып жатқан аудандарына үш танкі мен бірнеше әскери көлік кірген. Украина ішкі істер министрлігі ол автоколонна ішінара жойылып, шекарада атыс болып жатқанын хабарлады.
XS
SM
MD
LG