Accessibility links

Әлемге Холокост қасіреті туралы ескерткен адам


Ян Карский.
Ян Карский.
Қазір Польша сыртқы саясатында Карскийдің аяушылық пен жауапкершілікке қатысты ұстанымдарын пайдаланып, оның есіміне құрмет көрсетіп жатыр.

ӨЗ ЕЛІНЕ БЕЛГІСІЗ ҚАЙРАТКЕР

Америкалық кинорежиссер Стивен Спилбергтің фильмін көргендер Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде поляк еврейлерін құтқару үшін көп еңбек еткен адам неміс кәсіпкері Оскар Шиндлер деп ойлайды. Бірақ Польшада Холокост оқиғасының куәгері болған Ян Карскийді Шиндлер тәрізді танымал етуге әрекет жасалып жатыр.

Ол поляк еврейлерінің аяусыз қырылып жатқаны туралы АҚШ пен Ұлыбританияға мәлімдейді, бірақ оның жанайқайы елеусіз қалады.

Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғаны батыста Нормандиядағы шаралар және Ресейде Ленинград блокадасының аяқталғанына орай шаралар арқылы аталып өтілді. Ал Польша өз қаһарманын еске алып, жүз жылдығын атап өтіп, оның құрметіне мерейтойлық тиындар шығарып, саяси дәрістер өткізіп жатыр.

Сондай-ақ, Карскийдің 1944 жылы жазған «Құпия мемлекеттің тарихы» атты мемуарын қайтадан поляк және ағылшын тілінде басып шығарды.

«Карскийді танымал ету, әлемге мойындату - ауыр міндет, себебі ол оңдаған жылдар бойы ескерілмей келді» дейді Варшавадағы Ян Карский білім беру қорын басқаратын жас әуесқой тарихшы Войчек Бияложит (Wojciech Bialozyt).

- Ол 1980 жылдары танымал бола бастады, одан кейін аз ғана өмір сүрді. Польшада оны ешкім танымайды,- дейді Войчек Бияложит.

«БҰЛ КҮНӘ АДАМЗАТТЫҢ СОҢЫНАН ҚАЛМАЙДЫ»

2000 жылы дүние салған Карский өмірінің көп бөлігін Америкада өткізді. Әскери қызметін аяқтаған соң Вашингтонның Джорджтаун университетінде профессор болып, тамаша карьера жасады. Бірақ ол Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Польшада құрылған астыртын мемлекеттің мүшесі ретінде танымал. Бұл құпия ұйым фашистік Германия мен Совет Одағының екіжақты басқыншылығына қарсы күресті. 1939 жылы аталған екі ел Польшаға батыстан және шығыстан араларына бірнеше апта салып, жеке-жеке шабуыл жасаған еді.

Карский (негізгі аты-жөні Ян Козелевский) 1914 жылы Лодзь қаласындағы жұмысшы католик отбасында өмірге келеді. Ол Польшаның дипломатиялық корпусына қосылып, соғыстың алғашқы жылдарында кавалерия офицері ретінде қызмет етеді.

Советтік лагерьге тұтқынға түсіп, одан қашып шыққан соң Карский фамилиясын өзгертіп, құпия ұйымға қосылады. Сол жерде ол маңызды курьерге айналып, стратегиялық маңызы бар ақпаратты Польшадан Одақтастар басшыларына, Франция мен Лондонда бас сауғалап жүрген поляк үкіметіне жеткізумен айналысады.

1942 жылы жүздеген мың поляк еврейлері тәрізді ол да фашистердің тұтқындардың көзін жоюға арналған лагеріне жер аударылады. Жасырын ұйымның еврей мүшелері Карскийден бұл жаңалықты батысқа жеткізуді сұрайды.

Ол кезде батыс нацистердің еврейлерді аяусыз қырып-жойып жатқанынан хабарсыз еді. Еврейлердің қырылу мөлшерін анықтау үшін Карский фашистердің киімін киіп, Варшава геттосына енеді. Онда немістер 400 мың еврейді тұтқында ұстап отыр екен, олардың үштен екісі сол жерде өмірмен қоштасады. Сондай-ақ, ол Ижбица транзиттік лагеріне барып, сөндірілмеген әк толы 46 составтағы аштан бұратылған еврейлерді көріп, жаны түршігеді.

Кейін ол көрген-білгенін «Құпия мемлекеттің тарихы» кітабында баяндап, бар сұмдығын жайып салады. «Маған ақпарат берушілер cапарды толығымен сипаттап берді. Пойыз шамамен 80 миль жүреді, сосын бос жатқан жазық аймаққа келіп тоқтайды. Одан кейін ештеңе болмайды. Вагон сол жерге біреу байлап қойғандай тұрады, ішіндегі адамдардың бәріне ажал жеткенін күтеді. Оған шамамен 2-4 күн уақыт кетеді».

Карский Одақтас елдерге еврейлердің қырғыны туралы айтып, ескерту үшін батысқа аттанады. Ол Ұлыбританияның сыртқы істер хатшысы Энтони Иденмен мен АҚШ президенті Франклин Рузвельтпен жолығып, фашистердің депортация үшін қолданып отырған теміржолына шабуылдауды, тіпті болмаса Германияның мәдени мекемелеріне соққы жасауды сұрайды.

Бұл әдісті Одақтастар соғыстың соңғы жылдарында ғана қолданады. Бірақ сол кезеңде 3 миллион поляк еврейінің өміріне араша түсу үшін ел басшылары ешбірі әрекет жасамайды. Батыс жетекшілеріне Холокост туралы ескерткен, өзі сол қанды қырғынға куә болған Карскийдің айтқандары елеусіз қалады.

Отыз бес жылдан соң 1980 жылы өткен конференцияда сөйлеген сөзінде ол Холокостқа немқұрайлы қараған әлемге екінші миссиясы туралы еске салады.

- Адамзат екінші рет бастапқы күнәні (Адам-Ата мен Хауа ананың күнәсін айтады) қайталады, - дейді ол ышқынып, - Оған комиссия немесе әрекетсіздік, немесе сауатсыздық, бәлкім қатыгездік әлде екіжүзділік, тасжүректілік айыпты шығар. Бұл күнә адамзатты тірлігінің соңына дейін қудалайды. Ол менің де соңымнан қалмай келеді. Солай болғанын да қалаймын!

ЕСТЕ ҚАЛДЫРУ ШАРАЛАРЫ

Карский кейін Израильдің құрметті азаматы атанып, Польшаның ең жоғарғы марапаты – Ақ бүркіт орденін алды, оны 1995 жылы сол кездегі президент Лех Валенстің өзі табыстады.

2012 жылы, қайтыс болғаннан кейін АҚШ президенті Барак Обама оған Бостандық медалін тағайындады. Обама Холокост туралы былай деді: «Балаларымызға зұлымдықтың қалай жүзеге асуы мүмкін екені туралы айтып беруіміз керек, көптеген адамдар ішіндегі қара күшке ерік бергенде, басқалар оған үнсіз қарап тұрған».

Карскийді қолдаушылар оның аяушылық туралы ұстанымдарын бүкіл әлемдегі сыртқы саясатқа үлгі етіп ұсыну үшін еңбектенуде.

Украина Ресейдің әсерінен дағдарысқа ұшырап жатқанда оны қорғауды күшейткен Польша Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жасаған басқыншылықтан құтылып, Еуроодақ құрамына өтіп алды.

Енді Польша постсоветтік көршілерін қорғап, Ресейдің ықпалына қарсы тұруға күш салып отыр.

Бияложиттің айтуынша, Карскийдің мұрасы халықаралық қауымдастықтың есіне әлсіздерді қорғау қажеттігін салып тұрады.

- Карскийдің дабылына ешкім құлақ аспады. Солайша немқұрайдылық танытты. Әлем бұл мәселеге енжар қарады. Екінші дүниежүзілік соғыстан соң әлемнің немқұрайдылық танытқан кездері жетерлік – Босния, Руанда, Сирияны мысалға келтіруге болады. Сондықтан Карскийдің миссиясы - бүгінгі ұрпаққа үлкен сабақ, - дейді Войчек Бияложит.

(Дейзи Синделардың мақаласын аударған – Динара Әлімжан.)
XS
SM
MD
LG