Accessibility links

Луганск маңында шайқас жүріп жатыр


Луганскідегі ресейшіл сепаратистердің блокпосты. (Көрнекі сурет)
Луганскідегі ресейшіл сепаратистердің блокпосты. (Көрнекі сурет)
Луганск қаласының сыртында украин әскерилері мен ресейшіл сепаратистер арасында шайқас жүріп жатыр деп хабарлайды Азаттықтың Украин қызметі.

16 маусымда түн ортасы мен күндіз Луганск тұрғындары күшті жарылыс үндерін естіген. Ұрыс негізінен қала маңындағы Станица Луганская селосында жүріп жатыр. Куәгерлердің айтуынша, село маңында Украина қарулы күштерінің әскери техникалары шоғырландырылып жатыр. Сепаратистер тұрғын үйлер орналасқан аумақтарға, көбінесе Шығысукраин университеті жатақханасына бекініп жатыр.

Украина ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, қарулы адамдар "Луганскгаз" компаниясы ғимараттарының бірін басып алып, пулеметтер орнатқан.

Азаттық тілшісі үнемі атыс пен жарылыс үні естіліп жатқан Луганскінің өзінде тұрғындар арасында үрей пайда болып, ата-аналар балаларын қауіпсіз жерге жасыруға тырысып жатқанын айтады.

Донецкіде өзін өзі жариялаған "Донецк халық республикасының" жасақтары "Изоляция" мәдени орталығын басып алып, территориясын миналап тастаған.

"Изоляция" мәдени бастамалар орталығы 2009 жылы бұрынғы зауыт орнына салынған. Мұнда дискуссиялар, конференциялар, заманауи өнер көрмелері өтіп тұрған. Сәуір айында орталықта Михаил Ходорковский сөйлеген.

9 маусым күні мәдени орталықты "Донецк халық республикасының" мүшелері басып алып, тонауға ұшыратқан. Орталық басып алғанға дейін-ақ жұмысын тоқтатып, өнер туындылары орталықтан әкетіле бастаған.
XS
SM
MD
LG