Accessibility links

БҰҰ Ирактағы содырлар әрекетін айыптады


Ирак жасағы сарбазы. 16 маусым 2014 жыл.

Ирак жасағы сарбазы. 16 маусым 2014 жыл.

БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі өкілдігі басшысы Нави Пиллэй соңғы күндері Ирактың солтүстігінде бірнеше қаланы басып алған "Ирак және Шам ислам мемлекеті" радикалды тобы әскери қылмыс жасаған болуы мүмкін деп мәлімдеді.

Соңғы күндері интернетте содырлардың қарусыз адамдарды атып жатқан туралы көріністер таралған. Пиллэй содырлардың қырғынын "жүйелі түрде, кәдімгі кісі өлтіру" деп сипаттады. Әзірге БҰҰ-да қырғынға ұшырағандардың саны туралы дерек жоқ.

"Ирак және Шам ислам мемлекеті" ұйымы Тикрит қаласында әскери әуе күштерінің қатарына жаңадан алынған ирактық 1700-ге жуық шииттік сарбазды қырып тастағанын жария еткен. 17 маусымда Ирактың солтүстігінде ұрыс жалғасты. Содырлар қаланың көп бөлігін басып алған. Бірақ кейбір аудандары үкімет күштерінің бақылауында.

Содырлар бұған қоса 17 маусымға қараған түні Ирактың орталығындағы Баакуба қаласының бір бөлігін басып алған. Бірақ соңғы ақпараттарға қарағанда, оларды кейін үкімет күштері ығыстырып шығарған.

АҚШ президенті Барак Обама Конгресске Иракқа 275 сарбаз жіберуге шешім қабылдағаны туралы ескерткен. Америка әскері мұнда АҚШ дипломатиялық миссиясының қауіпсіздігін қамтамасыз етпек. АҚШ билігі бұған қоса қарулы содырларға қарсы әуеден соққы беруді де қарастырып жатыр.
XS
SM
MD
LG