Accessibility links

Украина: Донецкіде 7 сарбаз оққа ұшты


Донецк облысының Красный Лиман қаласы маңында соғысып жатқан ресейшіл сепаратистер. 19 маусым 2014 жыл.

Донецк облысының Красный Лиман қаласы маңында соғысып жатқан ресейшіл сепаратистер. 19 маусым 2014 жыл.

Украина армиясы Донецк облысының Красный Лиман және Ямполь қаласы маңында ресейшіл сепаратистермен ұрыста жеті украин сарбазы қаза тапқанын хабарлады.

Reuters агенттігінің Украина армиясындағы дереккөздеріне сілтеме жасай отырып хабарлауынша, ұрысқа 4 мыңға тарта сепаратист қатысып жатыр. Украина жағынан ұрысқа жаяу әскермен бірге жиырма танк пен ауыр артиллерия қосылған.

Украина қорғаныс министрлігінің өкілі Владислав Селезневтің Facebook-тегі парақшасында жазуынша, соңғы тәуліктегі ұрыста сепаратистер қатарынан 300-ге тарта адам мерт болған. Бірақ мұны басқа дереккөздерінен анықтау әзірге мүмкін болмай тұр. Бірақ бұған дейін сепаратистер жетекшісі Игорь Стрелков "көтерілісшілердің адам саны жағынан да, әскери техника жағынан да ауыр шығынға ұшырап жатқанын" мәлімдеген.

Селезневтің сөзінше, әскер сепаратистерден беренді барлау-шолғыншы көлігі (БРДМ), бортында ірі калибрлі пулемет пен зениттік зымыран кешені, гранатомет пен атыс қарулары орнатылған "КамАЗ" жүк көлігін тартып алған. "Барлық қару-жарақ пен техника - Ресейде шығарылған" деп жазады Селезнев.

20 маусымда Украина президенті Петр Порошенко дағдарысты реттеуге бағытталған бейбіт жоспарын жариялауы тиіс. Ақпарат құралдарында жарияланып кеткен кейбір бейресми деректер бойынша, бейбіт жоспарда Ресеймен шекарада 10 километрге созылатын буферлік аймақ құру ұсынысы бар. Жоспарда сепаратистер қаруларын тастаған жағдайда үкімет әскері операцияны біржақты түрде тоқтатып, оларға рақымшылық жариялау туралы ұсыныс та бар.
XS
SM
MD
LG