Accessibility links

Киев жоспарын Ресей мен Батыс түрліше қабылдады


Украина президенті Петр Порошенко БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп тұр. Донбасс, 20 маусым 2014 жыл.

Украина президенті Петр Порошенко БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп тұр. Донбасс, 20 маусым 2014 жыл.

20 маусым күні Донбасқа сапарында Украина президенті Петр Порошенко елдегі дағдарысты реттеуге бағытталған бейбіт жоспарын жария еткен. 15 баптан тұратын бейбіт жоспарда Ресеймен шекарада 10 километрге созылатын буферлік аймақ құру, келіссөздерге қатысушылардың барлығының қауіпсіздігіне кепілдік беру, өз еріктерімен қаруларын тапсырған және ауыр қылмыс жасамағандарды жазаламау, заңсыз қарулы топтардың кетуіне мүмкіндік беру, Украина Конституциясына билікті орталықсыздандыру туралы өзгерістер енгізу, орыс тілін заңмен қорғау жайлы айтылған.

Украина билігі маусымның 20-сынан бастап елдің шығысында бір апта ұрыс қимылдарын тоқтататынын жариялады. Бұл мерзім сепаратистердің қаруларын тапсырып, кепілге алған адамдар мен басып алған нысандарды босату үшін беріледі деп мәлімдеді Порошенко. Бұл талаптарды орындаудан бас тартқандардың көзі жойылады деп ескертті Киев.

Бірақ Кремльде Порошенконың ұрыс қимылдарын тоқтату туралы мәлімдемесін елдегі қарулы топтарға үзілді-кесілді мазмұнда айтылған талапқа балады. Бұл туралы ИТАР-ТАСС агенттігі хабарлады.

«Алғашқы талдау көрсеткендей, өкінішке қарай, бұл бейбітшілік пен келісімге шақыру емес, Украинаның оңтүстік-шығысындағы жасаққа қаруларын тапсыру туралы ультиматум» деп сипаттаған агенттікке Ресей президенті баспасөз қызметі.

АҚШ президенті Барак Обама жұма күні Германия канцлері Ангела Меркель және Франция президенті Франсуа Олландтпен телефонмен сөйлесіп, Порошенконың елдің шығысында ұрыс қимылдарын біржақты түрде тоқтату туралы шешімін құптаған. Батыс жетекшілері Ресейді Украинамен шекарадан өз әскерін әкетіп, Украинадағы ресейшіл сепаратистерге қаруларын тапсыруға ықпал етуге шақырған. АҚШ, Германия және Франция егер Ресей Украинадағы жанжалды шешуге бағытталған қадамдар жасамаса, Мәскеуге қарсы жаңа санкциялар салынатынын ескерткен.

Жұма күні Украина армиясы Донецк облысының Красный Лиман және Ямполь қаласы маңында ресейшіл сепаратистермен ұрыста жеті украин сарбазы қаза тапқаны туралы хабарлады. Reuters агенттігінің Украина армиясындағы дереккөздеріне сілтеме жасап таратқан ақпаратында, ұрысқа 4 мыңға тарта сепаратист қатысып жатқаны және Украина жағынан ұрысқа жаяу әскермен бірге жиырма танк пен ауыр артиллерия қосылғаны айтылады.
XS
SM
MD
LG