Accessibility links

Назарбаев Испания королі Фелипені құттықтады


Испанияның бұрынғы королі бірінші Хуан Карлос (оң жақта) пен оның мұрагер ұлы Фелипе. Мадрид, 18 маусым 2014 жыл.

Испанияның бұрынғы королі бірінші Хуан Карлос (оң жақта) пен оның мұрагер ұлы Фелипе. Мадрид, 18 маусым 2014 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Испанияның жаңа королі Фелипені таққа отыруына байланысты құттықтап жеделхат жолдады деп хабарлайды Қазақстан президентінің баспасөз қызметі.

Назарбаев король Фелипеге оның әкесі король Хуан Карлостың билігі тұсында Қазақстан мен Испания арасында өзара тиімді әрі толыққанды ынтымақтастық қалыптасқанын атап өткен.

«Испания біздің еліміз үшін бүгінде Еуропадағы сенімді дос және стратегиялық серіктес болып саналады. Сіздің қолдауыңызбен Қазақстан мен Испанияның жан-жақты ықпалдастығы аясын тереңдету үрдісі жалғасын табатынына ерекше үміт артамын», – делінген жеделхатта.

Сонымен бірге Назарбаев король Фелипені Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырған.

19 маусым күні Испания парламентінде өткен рәсімде король Хуан Карлостың мұрагер ұлы Фелипе ресми түрде Испания королі деп жарияланды. 46 жастағы жаңа монарх ресми түрде король алтыншы Филипп деген атты иеленді.

Испанияны 1975 жылдан бері басқарып келген 76 жастағы бірінші Хуан Карлос биыл маусымның басында Испания королі тағынан өз еркімен бас тартатынын жұртшылыққа жария еткен. Ол тақта отырған кезеңде әскерилердің мемлекеттік төңкеріс жасауына қарсылық танытып, елде демократиялық реформалар жүргізуге жағдай жасағаны үшін испандықтардың қолдауына ие болған еді. Бірақ соңғы кездері король әулетінің мүшелері ұрынған коррупциялық дау-жанжал Испаниядағы монархияның беделіне едәуір нұқсан келтірді.
XS
SM
MD
LG