Accessibility links

Украина, Молдова және Грузия ЕО-мен келісімдерге қол қойды


Украина президенті Петр Порошенко (ортада) Еуропа комиссиясының президенті Жозе Мануэль Баррозу (сол жақта) мен Еуропа кеңесінің президенті Херман Ван Ромпеймен бірге. Брюссель, 27 маусым 2014 жыл.

Украина президенті Петр Порошенко (ортада) Еуропа комиссиясының президенті Жозе Мануэль Баррозу (сол жақта) мен Еуропа кеңесінің президенті Херман Ван Ромпеймен бірге. Брюссель, 27 маусым 2014 жыл.

Украина, Грузия және Молдова бүгін, 27 маусымда Брюссельде Еуропа Одағымен (ЕО) маңызды саяси және экономикалық келісімдерге қол қойды.

Украина ЕО-мен еркін сауда келісіміне (DCFTA) қол қойды. Киев пен Брюссель бұған дейін (21 мамыр күні) серіктестік (Association Agreement) туралы келісімнің саяси бөлігіне қол қойған еді.

Молдова мен Грузия ЕО-мен серіктестік және еркін сауда келісімінің екеуіне де қол қойды.

Келісімдер үш елдің Ресей ықпалынан алыстап, Батысқа қарай барынша жақындай түсуіндегі үлкен қадам саналады.

Еуропа Кеңесінің президенті Херман Ван Ромпей мен Еуропа комиссиясының президенті Жозе Мануэль Баррозу келісімдердің Ресейге зардап келтірмейтінін айтты. Херман Ван Ромпей қол қою рәсімінде "келер ұрпақ бұл күнді есінде сақтайды" деді.

Грузия премьер-министрі Ираклий Гарибашвили Еуропа Одағына мүше болуды Грузияның "мызғымас еркі" деп атады.

Молдовия премьер-министрі Юрий Леанкэ келісімдер өз еліне "болашақты көрсететінін" айтты.

Украина президенті Петр Порошенко "Украина өзінің еуропалық арман-мақсаты орындалуы үшін соңғы айларда көп нәрсені құрбан етті" деді.

Өткен жылдың соңында Украинаның сол кездегі президенті Виктор Януковичтің келісімдерден аяқ асты бас тартуы елде билікке қарсы толқулар тудырып, оның соңы ақпан айында Януковичтің биліктен кетірілуіне әкеп соқты.

Үш елдің ЕО-мен келісімдерге қол қоюына қатысты Азаттық бүгін арнайы мақала басты.

XS
SM
MD
LG